ӘЧ-2018: Швейцария турнирден ерте шығып қалған грандтар қатарына қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалы кезінде бүгін «Санкт-Петербург» стадионында Швеция және Швейцария құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Швейцария ойынның басынан аяғына шейін шабуылдады. Олардың құрам жағынан басымдығы да, 66-минутта өз қақпасына гол жіберіп алғаны да осыған итермеледі. Ойын алдында шведтердің мықты қорғаныс шебін жарып кіру өте қиын екендігі айтылған болатын.

«Банкирлер» негізінен екі қанаттан ұйымдастырылатын шабуылдарға иек артып жүрді. Айып алаңына ортадан жарып кірудің сәті түспеген сәттерде бірнеше рет тура соққы бағыттап та көрді. Бірақ олардан нәтиже шығару жағы ақсап жатты. Есесіне қолайлы сәтті голға айналдыру бойынша Скандинав түбегінің өкілдері сабақ бере алатынын көрсетті. 66-минутта В. Линделеф допты қорғаныстан шығарып, сол қанатқа асырды. Тойвонен алаң орталығындағы Форсбергке пас берді. Э. Форсбергтің күшті соққысы жолай швейцариялықтардың қорғаушысы М. Аканджидің аяғына тиіп, қақпаның оң жақ жоғары бұрышына барып кірді.

Шабуылға берілген швейцариялықтар соңғы минутта пенальтиден тағы бір гол жіберіп алуы мүмкін еді. Бірақ словениялық Дамир Скомина видеоқайталауды көрген соң пенальти емес, айып алаңының сыртынан айып добын тебу керек екенін көрсетті. Бұдан шведтер ешқандай нәтиже шығара алған жоқ. Ойын осымен аяқталды.

Енді ширек финалда Швеция Англия және Колумбия матчының жеңімпазымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар