ӘЧ-2018: Швеция Оңтүстік Кореяны жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 2018 жылғы Әлем чемпионатының F тобының бірінші тур ойындары аяқталды. Онда Швеция Оңтүстік Корея құрамасынан басым түсті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Швеция құрамасы осы жұптың айқын фавориті саналған болатын. Мұны дәлелдеу үшін Янне Андерссон шәкірттері алғашқы минуттардан шабуылға лап қойды. Көп уақыт допсыз жүрген Оңтүстік Корея құрамасы 45 минутта жалғыз-ақ мәрте қақпаға қарай доп тебе алды, бірақ соның өзі қиыс кетті. Бапкер Син Тхэ Ёң екінші нөмірмен ойнау тактикасы бірінші таймда гол жібермеудің кепілі болды.

Екінші бөлімде Скандинав түбегінің өкілдері сапалы ойнай бастап, шабуылына мазмұн кірді. Бұл корей футболшыларының өз айып алаңында қателік жіберуіне себеп болды. 63-минутта қорғаушылардың Йон Гвидеттиді шалып жығылтқанын көрген төреші видеоқайталауға жүгініп, пенальти белгіледі. Оны 33 жастағы команда капитаны Андреас Гранквист сәтті орындап, есеп ашты. 1:0 есебі ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

Осы жеңістен кейін 3 ұпай алған Швеция Мексикамен бірге F тобының көшбасшысына айналды.

Кеше осы топтың алғашқы матчында Мексика Германия құрамасын жеңген болатын.

Швеция: қақпашы - Робин Ольсен; қорғаушылар - Микаэль Люстиг, Андреас Гранквист, Людвиг Аугустинссон, Понтус Янссон; жартылай қорғаушылар - Себастиан Ларссон (Густав Свенссон 81'), Альбин Экдаль (Оскар Хильемарк 71'), Эмиль Форсберг, Виктор Классон; шабуылшылар - Маркус Берг, Ола Тойвонен (Исаак Кисе Телин 77'). Бас бапкері - Янне Андерссон.

Южная Корея: қақпашы - Чо Хюн Ву; қорғаушылар - Ли Ёң, Пак Чу Хо (Ким Мин Ву 28'), Ким Ёң Вон, Чжан Хён Су; жартылай қорғаушылар - Ку Джа Чхоль (Ли Сын Ву 73'), Ки Соң Ёң, Ли Джае Суң; шабуылшылар - Сон Хын Мин, Ким Шин Вук (Чон Ву Ёң 66'), Хван Хи Чхан. Бас бапкері - Син Тхэ Ёң.

«Нижний Новгород» стадионы, төреші - Жоэль Агилар (Сальвадор).

фото:fifa.com

Соңғы жаңалықтар