ӘЧ-2018: Сауд Арабиясы Египеттен басым түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Әлем чемпионаты аясында Ресейде «А» тобындағы кезекті матч өтті. Бұл жолы Египет құрамасы Сауд Арабиясын қабылдады. Алғашқы екі ойында бірде-бір ұпай ала алмаған қос құрама осылайша ешқандай жолдама бермейтін кездесу өткізуге мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандар Сауд Арабиясымен салыстырғанда Египеттің құрамы мықты екенін айтқан еді. Египет құрамасы сапында Англия Премьер-лигасында ойын көрсетіп жүрген ойыншылар баршылық. Атап айтқанда, «Вест Бромбич Альбионнан» Али Габр, «Астон Вилладан» Ахмед аль-Мухаммди, «Уиган Атлетиктен» Сэм Морси, «Сток ситиден» Рамадан Собхи, «Арсеналдан» Мохаммед эль-Ненни және «Ливерпульден» атақты Мохамед Салах бар. Сауд Арабиясы құрамында Испанияның ортанқол ұжымдарында ойын көрсететін үш ойыншы бар. Олар -  Яхья аш-Шехри («Леганес»), Салим аль-Давсари («Вильяреал») және Фахад аль-Муваллад («Леванте»). Қалғанының барлығы өз елінің біріншілігінде ойын көрсетіп жүр. Бұдан бұрын «Египет құрамасы Мохамед Салахсыз ойнай ма?» деген тақырыпта мақала ұсынған болатынбыз.

Ойынға қайта оралсақ, матч тізгінін алдымен Египет футболшылары ұстауға тырысты. Алғашқы сәттерден қарсыластар қақпасы жағына лап қойған олар өз дегеніне 23-минутта жетті. Атақты Мохамед Салах өзінің шеберлігін танытып, кездесу барысындағы алғашқы голды соқты. Айта кетейік, Мохамед Салах Египет құрамасы тарихында әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде екі гол соққан екінші футболшы болып отыр. 1934 жылы Венгриямен кездесуде Абдуррахман Фаузи қос голдың авторы атанған еді.

Бірақ бұл гол Сауд Арабиясының еңсесін баса қоймаған секілді. Арабтар алға қарай ентелеп, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ал 39-минутта Египеттің қақпасына пенальти белгіленді. Африкалық құрама қорғаушысының бірінің қолына доп тиді. Колумбиялық төреші Вильмар Рольдан Перес ойланбастан 11 метрлікті нұсқады. Дегенмен оны араб футболшысы Фахад Аль-Муваллад қақпаға енгізе алмады. Оның тепкен добының бағытын сезген Эссам Эль-Хадари қақшып алды.

Сауд Арабиясы бірінші кезеңде таразы басын теңестіре алды. Олардың сапынан Сальман Аль-Фаридж гол соғып, өз құрамасын жеңіске жетелей түсті. Ол Египет қақпасына белгіленген екінші пенальтиді шебер орындай білді.  Көп ұзамай бірінші кезең де аяқталды. Айта кетерлігі, ойынның көп бөлігінде Египет құрамасы басымдық көрсетті. Дегенмен олар гол санын молайтуға қол жеткізе алмады.

Екінші кезеңде арабтар бірнеше қауіпті сәттерді ұйымдастырды. Дегенмен оның ешбірін пайдалана алған жоқ. Бұл топтағы Уругвай мен Ресей құрамасы арасындағы кездесуде уругвайлықтар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші орын Уругвайға бұйырды. Екінші орынды Ресей еншіледі. Осы екі құрама жарысты жалғастыратын болды. Соңғы ойында Египетті 2:1 есебімен жеңген Сауд Арабиясы үшінші орын алса, Египет соңғы орында қалып қойды.  

Ал В тобында бүгін  Иран мен Португалия («Qazaqstan». 00.00), Испания мен Марокко («Qazsport». 00.00)   құрамалары шеберлік байқасады.

 

Әділжан Үмбет 

Соңғы жаңалықтар