ӘЧ-2018: Ресей мен Уругвай топтың мықтысын анықтайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан әлем біріншілігі топтық кезеңінің үшінші тур ойындары басталады. Самара қаласында А тобындағы Ресей мен Уругвай құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос құрама алғашқы екі турда жақсы ойын өрнегін көрсетті. Әлем біріншілігінің қожайындары алдымен Сауд Арабиясын 5:0 есебімен жеңсе, одан кейін Египеттен 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша топтық кезеңге берілген жолдаманы ертерек қалтаға басып үлгерді. Уругвайдың да жағдайы соларға ұқсас. Алдымен Египет, сосын Сауд Арабиясын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Екі ойында небәрі 2 доп соққанымен қажетті 6 ұпайды қалтаға басып отырған жайы бар. Жалпы, қос құраманың әлеуеті екеуінің кездесуінде белгілі болатын секілді. Қай жеңгені топтық кезеңде бірінші орын алады. Олар В тобындағы алғашқы екі орынға ие болған құрамалармен шеберлік байқасатыны белгілі. В тобында Испания мен Португалия алғашқы екі орынды өзара бөлісіп отыр. Сондай-ақ, одан Иран құрамасының да үміті бар. Парсылар бүгін Португалияны тізе бүктірсе, жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болуы ғажап емес. Сол себепті Ресей мен Уругвай бірінші және екінші орынның бірін алса да, келесі топтағы мықтылардың бірімен жұп құрайды. Сондықтан олар үшін жарыстың келесі сатысындағы ойын маңызды секілді. Әзірге А тобында Ресей көш басында келеді.

Уругвай құрамасының ардагер ойыншысы Диего Форлан алдағы ойын жайында «Біздің құрамада Луис Суарес пен Эдинсон Кавани секілді маңдайалды ойыншылар бар. Дегенмен Ресей құрамасында шеберлігі шыңдалған шеберлер аз емес. Соған қарай отырып алдағы кездесу біздер үшін оңайға соқпайтынын ескеруіміз тиіс»,- деген еді. Атақты бапкер Жозе Моуриньо да бұл жайында «Кездесу тартысты өтетіні анық. Ресейге жанкүйерлер қолдауы жағымды әсер етері сөзсіз. Сондықтан Уругвайға өте жинақы ойын көрсету - басты талап», - деген ойын білдірді.

Бүгінгі кездесуге Ресейдің жартылай қорғаушысы Алан Дзагоевтың қатыса алмайтыны белгілі болып отыр. Құраманың бас бапкері Станислав Черчесов «Ол жалпы жаттығуға қатысып жүр. Дегенмен біз оның қалпына толық келгенін қалаймыз. Сондықтан ол Уругваймен кездесуге қатыса алмайды», - деген ойын білдірді.

Жеребе тартылған сәтте Уругвай топтың көшбасшысы болады деген жорамал айтылған еді. Ресеймен кездесуде сол үміт ақтала ма? Оны ойын барысында анықтайтын боламыз. Керісінше, Ресейге күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оларды «Топтық кезеңнен де шыға алмайды», - дегендер де кездесті. Есесіне олар екі ойында да жанкүйер сенімін ақтайтын ойын өрнегін көрсетті. Бүгінгі бәсекеде орыс футболшылары Уругвайды жеңіп жатса, онда алдағы кезеңде құрамаға сенім білдіретін жанкүйерлер қатары көбейетіні анық.

Бұл ойын бүгін, 25 маусымда Самара қаласында болады. Кездесу 20.00-де «Qazaqstan» ұлттық арнасында тікелей эфирден көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін осы топтағы Сауд Арабиясы мен Египет («Qazsport». 20.00) құрамалары жасыл алаңға шығады. Ал В тобында Иран мен Португалия («Qazaqstan». 00.00), Испания мен Марокко («Qazsport». 00.00) құрамалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар