ӘЧ-2018: Перу 36 жылдан соң мундиальға қайта оралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей төрінде өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігі Перу және Дания құрамалары арасындағы ойынмен жалғасады. Бұл кездесу Астана уақытымен 22.00-де Ресейдің Саранск қаласындағы «Мордовия-арена» стадионында өткізіледі.

Біз екі құрама жайында не білеміз? Олар әлемдік футболда мықтылар қатарында саналмайтыны белгілі. Дегенмен бұл құрамалар ешбір қарсыласы алдында ығына жығыла қоймайды. Перу бүгінге дейін төрт мәрте дүбірлі додада бақ сынаған. 1930 жылы топтық кезеңде Румыния мен Уругвайдан жеңілді. Одан кейін 1970 жылы Мексика жеріндегі айтулы аламанда өз тобында алдына ФРГ құрамасын салып, екінші орын алды. Одан кейінгі орындар Болгария мен Марокконың еншісіне бұйырды. Жарыстың келесі кезеңінде Бразилияға 2:4 есебімен жол берді. 1978 жылы да осы жетістігін қайталады. Топтық кезеңде Нидерланды, Шотландия, Иранды артқа салып, бірінші орынмен жарыстың келесі сатысына шыққан еді. Дегенмен келесі кезеңде Польшадан сүрінді. Есеп 0:1. 1982 жылы екі ойында Камерун және Италиямен тең ойнап, соңғы кездесуде Польшадан 1:5 есебімен ойсырай жеңілді. Өз тобында төртінші орыннан әріге аса алған жоқ. Содан кейін Перу әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде бой көрсеткен жоқ. Биылғы доп додасына араға 36 жыл салып оралып отыр. Топтық кезеңде бесінші орын алған Перу плей-оффқа берілген жолдамаға қол жеткізді. Бұл жолы сырт алаңда Жаңа Зеландиямен 0:0 есебімен тең түскен олар Перуде қарсыластарына жауапсыз екі доп соқты. Осының нәтижесінде Ресейге  келетін құрамалар қатарына қосылды. Перу құрамасы 1939 және 1975 жылдары Америка кубогына ие болды. Құрама сапында жанкүйерлер жақсы танитын ойыншылар саны көп емес. Паоло Герреро есімді футболшының қан құрамынан былтыр допинг табылған еді. Соның салдарынан біршама уақыт футболдан шеттетілді. Дегенмен оған тағайындалған жаза мерзімі қысқарып, аталмыш футболшы Ресей жеріне келді. Құрама сапында ресейліктерге жақсы таныс Джефферсону Фарфан бар. Ол Мәскеудің «Локомотив» командасының намысын қорғайды. ФИФА рейтингінде олар 11-орында тұр.

Әлем біріншілігінде жоғары табысқа қол жеткізе алмағанымен дат футболшылары 1992 жылы Еуропа чемпионы атанған еді. Ал 1995 жылы Конфедерация кубогын төбесіне көтерді. Әлем біріншілігінде 1998 жылы ширек финалға дейін жетті. Жалпы алғанда, Дания әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде 5 мәрте бақ сынау мүмкіндігіне ие болған. 2018 жылғы дүбірлі додаға олар плей-офф кезеңі арқылы жетті. Өз тобында екінші орында болған олар плей-офф кезеңінде Ирландиямен кездесіп, қос ойынның қорытындысымен (0:0, 5:1) Ресейге жол тартты. Дания құрамасы сапындағы жұлдыз ретінде Англияның «Тоттенхэм» клубының ойыншысы Кристиан Эриксенді айтуға негіз бар. Ол іріктеу кезеңінде қарсыластар қақпасына 12 ойында 11 гол соғып, мергендігімен танылды. Сондай-ақ, аталмыш құрама сапында Пионе Систо және Каспер Дольбергкті де мамандар жоғары бағалайды. ФИФА рейтингінде 12-орында келеді.

Естеріңізге сала кетелік, Перу мен Дания құрамалары арасындағы ойын бүгін 22.00-де басталады.  Бұл кездесу «Qazsport» телернасында көрсетіледі. Турнир ойындарының толық кестесін мына жерден көруге болады.

Соңғы жаңалықтар