ӘЧ-2018: Панаманың Бельгияға қарсы қандай айласы бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан әлем біріншілігінің кезекті ойындары өтеді. Бұл күні G тобындағы Бельгия мен Панама құрамалары өзара шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бельгия құрамасын жанкүйерлер жақсы біледі деуге негіз бар. Бұл елден талай мықты футболшылар көптің көзайымына айналды. Соңғы жылдарда да олардың қатары сиреген емес. Англияның «Челси» клубын өрге сүйреп жүрген саңлақтың бірі - Эден Азардың шеберлігі талайды таңдай қақтырғаны сөзсіз. Жалпы, аталмыш құрама доп додасының финалдық кезеңінде бұған дейін 12 мәрте бақ сынаған екен. Әзірге ауыз толтырып айтарлық жетістігі - 1986 жылғы төртінші орын. Сол жылы Бельгия өз тобынан үшінші орынмен жарыстың келесі кезеңіне шықты. Алдымен Мексикадан 1:2 есебімен жеңілген олар келесі кездесуде дәл осы есеппен Иракты тізе бүктіріп, соңғы ойында Парагваймен 2:2 есебімен тең нәтижеге қанағат білдірді. Жарыстың 1/8 финалында КСРО құрамасын 4:3 есебімен жеңіп, одан соң азулы Испаниядан да айласын асырды. Бұл кездесуде ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен аяқталды. Жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Одан кейінгі жылдарда олардың толымды табысы бола қойған жоқ. Еуропа біріншілігінде 1972 жылы қола алса, 1980 жылы күміс жүлдегер атанды. Соңғы кезеңде зор жетістігімен мақтана алмайды. Қазіргі таңда ФИФА рейтингінде 3-орында тұр. Биылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Бельгия футболшылары аса қинала қойған жоқ. Н тобында сынға түскен олар 10 ойынның 9-ында жеңіске жетіп, тек біреуінде тең нәтижеге көрсетті.

Жалпы алғанда, Роберто Мартинестің шәкірттері 19 кездесу бойы жеңіліп көрген емес. Оның ішінде 14 ойында қарсыласынан басым түссе, 5-еуінде тең тарқасты.

Доп додасына келгенше олар 4 жолдастық кездесу өткізді. Алдымен Португалиямен 0:0 есебімен тең түсіп, содан кейін Сауд Арабиясын 4:0, Египетті 3:0, Коста-Риканы 4:1 есебімен жеңді. Бір сөзбен айтқанда, айтулы аламанға дайындығы жаман емес. Құрамында Эден Азармен бірге Англияның «Манчестер Сити» клубының жартылай қорғаушысы Кевин де Брёйне секілді жампоздар бар.

Ал Панама жайында қалың жанкүйердің білетіні шамалы. Олар 1974 жылға дейін әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде бақ сынаған жоқ. 1978-2014 жылдар аралығында ол кезеңнен өте алмады. Биылғы доп додасының іріктеу кезеңі басталардан бұрын олар Ресейдегі доп додасына келетін 32 үздіктің қатарында боламыз деп армандамаған шығар. Ол арман ақиқатқа айналды. Олар АҚШ және Гондурас секілді тәжірибелі құрамаларды артқа қалдырды. ФИФА рейтингінде 55-орында тұр. Құрама сапында Еуропа біріншілігінде доп тебетіндер жоққа тән. Көбісі АҚШ, Мексика, Гватемала елдерінде ойнайды. Сондай-ақ, олар бүгінге дейін Еуропа құрамаларын ешқашан жеңіп көрген жоқ. Мамандар Панаманы биылғы біріншіліктегі ең әлсіз құраманың қатарында санап отыр. Оған өздері келіспейді. Жоғары жетістікке қол жеткізу жолында бар күшімізді саламыз деген ниеті бар.

Бұл кездесу бүгін, 18 маусымда Ресейдің Сочи қаласындағы «Фишт» стадионында болады. Ойын Астана уақытымен 21.00-де «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.   

Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады. 

 

Соңғы жаңалықтар