ӘЧ-2018: Оңтүстік Кореядан жеңілген Германия турнирден шығып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңі 3-туры аясындағы F тобының кездесулері өтті. Германия құрамасы Оңтүстік Кореядан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Германия ұлттық құрамасы о бастан осы кездесудің фавориті деп саналған болатын. Допқа иелік ету көрсеткіші де ойынның басынан аяғына шейін осыны дәлелдеп отырды. Бірінші таймда «неміс машинасы» қарсыластар қақпасына айтарлықтай қауіп төндіре алмады. Қайта корей футболшылары ара-тұра жылдам қарымта шабуылға шығып, 4 рет соққы беріп үлгерді.

Үзілісте бапкерлер штабынан қатаң тапсырмалар алып қайтқан Германия алаңдағы үстемдігін арттырған үстіне арттыра түсті. 85-минуттар шамасында допқа иелік ету көрсеткіші тіпті 80/20-ға да жетті. Бірақ кейде соққылар қиыс кетіп жатса, кей сәттерде Оңтүстік Корея қақпашысы Чо Хюн Ву тамаша сейвтер жасап, қақпасын голдан сақтап отырды.

«Сен гол соқпасаң, саған соғады» деген футболдың танымал мақалы осы жерде тағы бір рет еске түсті. Негізгі уақытқа қосылған минуттарда бұрыштамадан кейін корей футболшысы Ёң Гвон Ким гол соғып, есеп ашты. Қарымта шабуылдардың тағы бірінде Сон Хын Мин екінші допты кіргізіп, командасына жұбаныш үш ұпайды сыйға тартты. Германиялықтар қаншама шабуылдаса да гол соға алмай, чемпионатты тәрік етті.

Матч Ресейдің Қазан қаласында «Қазан арена» стадионында өтті.

 Фото: ru.fifa.com

Соңғы жаңалықтар