ӘЧ-2018: Оңтүстік Корея Швецияға қарсы үздік құраммен шықпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Швеция және Оңтүстік Корея құрамалары футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының F тобындағы алғашқы тур ойындарын қорытындылайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәрі құрлық өкілінің кореялықтарға қарағанда әлем чемпионаттарындағы тәжірибесі мол. Өткен ғасырдың орталарында бір қола, бір күміс алған шведтер 1994 жылғы АҚШ-та өткен Әлем чемпионатында тағы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алайда Фредди Юнгберг, Хенрик Ларссон, Андерс Свенсон секілді саңлақтардың дәурені өткен соң, дағдарыс байқалып, Оңтүстік Африка Республикасында өткен 2010 жылғы мундиальға жолдамадан құр қалды. Ал 2014 жылғы чемпионатқа іріктеу турнирінің С тобында Германиядан кейінгі екінші орынға тұрақтады. Топтағы екінші орын тікелей жолдама бермегендіктен, Португалияға қарсы қосымша ойын өткізуге тура келді. Швеция бұл жолы сырт алаңда 1:0 есебімен, өз алаңында 2:3 есебімен ұтылған.

Тура осындай ойын осы жолғы чемпионаттың іріктеу кезеңінде де болды. Франция, Голландия құрамаларымен бір топқа түскен шведтер екінші орынды иеленіп, қосымша ойында Италия құрамасын жеңді.

Футболы кенже қалған құрлық өкілі Оңтүстік Корея 2002 жылғы жетістігімен есте қалды. Оған дейінгі мундиальдардағы нәтижесі көңіл көншітпейтін «Тэджу жасақтарының» өз алаңында (Жапониямен бірге) өткен Әлем чемпионатында тасы өрге домалады. Польша, Португалия, АҚШ құрамаларын артта қалдырып, өз тобының лидері атанды. 1/8 финалда жұлдызды құраммен барған Италияны жеңді. Небір таңдаулы футболшыларымен атағы жер жарған Испанияны ширек финалда қапы қалдырды. Корейлерді тек Германия, онда да 1:0 есебімен, жартылай финалда тоқтата алды. Ал үшінші орын үшін өткен ойында чемпионат қожайындары өздері сияқты тағы бір сенсация иесі - Түркия құрамасынан «таяқ жеді» (2:3).

Соңғы жылдары Оңтүстік Корея футболы дамып келеді. Ку Джа Чхоль, Ки Сон Ен (капитан), Сон Хын Мин, Хван Хи Чхан сияқты футболшылары Еуропада да мейлінше танымалдылыққа ие.

Тарихи жетістіктерін қоспағанда, ФИФА рейтингінде Швецияның 19, Оңтүстік Кореяның 57-орында тұрғаны да командалардың өзара күштер арасалмағы Еуропа өкілінде екендігін білдірсе керек. Бірақ кеше ғана Мексика Германияны ұтып, Швейцарияның Бразилиядан ұпай тартып алғаны әлем чемпионатында нағыз мықты тек өзара ойында анықталатынын дәлелдеді. 

Ойынды Астана уақытымен 18:00-де Qazsport арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады. 

Соңғы жаңалықтар