ӘЧ-2018: Мексика жолдамаға жақын қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейдің Дондағы Ростов қаласында футболдан әлем біріншілігі топтық кезеңінде F тобындағы Мексика және Оңтүстік Корея құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мексика биылғы біріншілікті өте сәтті бастады. Алғашқы турда азулы Германияны орта жолда қалдырды. Есеп 1:0 . Ашығын айтқанда, олардан мұндай батылдықты ешкім күте қойған жоқ еді. Мамандар мен жанкүйерлер жеңісті немістерге беріп қойған. Оған сыр берген мексикалықтар жоқ. Өздерінің көздеген мақсатына жетті. Мықты қарсыласын тізе бүктіріп, турнир кестесіндегі жағдайын түзеп алды. Сондықтан олар үшін корейлермен ойын көп нәрсені шешетін.

Жеңіске жеткен жағдайда жарыстың келесі сатысына берілетін жолдаманы қалтаға басатын. Сол дегеніне жетті.

Ойын мексикалықтар шабуылымен басталды. Кездесудің 25-минутында Оңтүстік Корея қақпасына пенальти белгіленді. Корей футболшы Чжан Хен Су өз айып алаңында қолмен ойнады деген желеумен сербиялық төреші Милорад Мажич 11-метрлікті нұсқады. Бұл мүмкіндікті мексикалық шабуылшы Карлос Вела мүлт жіберген жоқ. Есеп 1:0. Мексика алға шықты.

Бұдан кейін корейлер де біршама қауіпті сәттер ұйымдастырды. Корейлік футболшы Сон Хын Миннің есепті теңестіретін мүмкіндігі болған. Дегенмен ол мергендік таныта алмады. Есеп өзгерген жоқ.

Сон Хын Мин бұдан кейін де мексикалықтар қақпасы маңында жиі көрінді. Оған қарсылас құрама қорғаушылары лайықты төтеп бере білді.

Бірінші кезең 1:0 есебімен Мексика құрамасының жеңісімен аяқталды.

Екінші кезең қос құраманың алма-кезек шабуылымен басталды. Алайда Мексика құрамасының басымдығы аңғарылып тұрды. Мексикалық шабуылшы Хавьер Эрнандес 66-минутта есепті үстемеледі.

Жанкүйер қауымның арасында Чичарито деген лақап атпен де белгілі футболшы корейлер қақпасы алдында сол қанаттан шабуыл жасады. Қақпа алдында корей қорғаушысын оңай алдап өтті. Қақпаның ашық тұсына допты бағыттады. Осылайша өз голын соқты. Есеп 2:0.

93-минутта корей жігіті Сон Хын Мин есепті қысқартты. Қорытынды есеп 2:1. Мексика кезекті жеңісіне жетті.

Алғашқы турда Оңтүстік Корея Швециядан 0:1 есебімен жеңілді. Сондықтан екі ойында да жеңілген олар еліне ертерек қайтуға мәжбүр болды.

Бүгін осы топтағы Германия мен Швеция («Qazaqstan». 00.00) ойындары болады. Сондай-ақ, бүгін G тобында Бельгия Тунисті 5:2 есебімен ойсырата жеңді. 

Бұл топтағы келесі тур 27 маусымда өтеді. Сол күні Мексика мен Швеция, Оңтүстік Корея мен Германия кездеседі.  

Соңғы жаңалықтар