ӘЧ-2018: Мексика мен Оңтүстік Кореяның қайсысы жеңімпаз атанады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейдегі Дондағы Ростов қаласында футболдан әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Оңтүстік Корея мен Мексика құрамалары кездеседі. Бұл - F тобындағы екінші турдың алғашқы ойыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турда Мексика құрамасы айды аспанға бір-ақ шығарды. Германияны 1:0 есебімен жеңіп, әлем жанкүйерлері алдында үлкен абыройға кенелді. Негізінде аталмыш кездесуде мамандар жеңіс немістер еншісіне жазылады деген пікірде болған еді. Бұл пікірмен мексикалық футболшылар келіскен жоқ. Азулы қарсыласына лайықты деңгейде төтеп берді. Олардың қақпасынан саңылау тауып, алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Енді сол жеңісті жолын жалғастыра ала ма? Оңтүстік Корея құрамасымен ойынға дайындық барысы қалай?

Биылғы әлем біріншілігіндегі тұсаукесер ойынын Оңтүстік Корея сәтті бастады деп айта алмаймыз. Олар Швецияға 0:1 есебімен  жол берді. Сол кеткен есемізді екінші турда қайтарамыз деп тастүйін бекініп отырған жайы бар. Сондықтан Мексикамен кездесуде тартысты болады деген сенім зор. Оңтүстік Корея бұл жолы жеңілген жағдайда ертерек еліне қайтатын құрамалар қатарына қосылады.

Екі құрама бұған дейін 13 мәрте кездескен екен. Өзара тартыста Мексика таразыны басып тұр. Ацтек елінің өкілдері 6 мәрте жеңіске жетті. Корей жігіттері 4 мәрте мықтылығын дәлелдеді. Ал 2 ойында қос қарсылас тең нәтижеге қанағат білдірді. Алғаш рет олар 1948 жылдың 2 тамызында Англия астанасы - Лондон қаласында Олимпиада ойындарында жасыл алаңға шығып, онда Оңтүстік Корея Мексиканы 5:3 есебімен тізе бүктірді. Одан кейінгі төрт ойында мексикалықтар жеңіске жетті. 1993 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Президент кубогында корейлер аталмыш қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Жалпы алғанда, Мексика корейлерге 23 доп соқса, олардан өз қақпасына 18 доп жіберіп алды. Екі құрама 1998 жылғы әлем біріншілігінде Е тобында кездескен еді. Ол жолы Мексика 3:1 есебімен басым түскен еді.

Бүгінгі кездесуден қос құрама да үлкен үміт күтеді. Мексика жеңсе, жарыстың келесі сатысына шығуға жолдама алады. Оңтүстік Корея үш ұпайды олжаласа, ол да жарысты жалғастыру мүмкіндігінен ажырай қоймайды.

Оңтүстік Корея құрамында жарақат алған ойыншылар бар. Қорғаушы Пак Чжу Хо енді бұл біріншілікте өз құрамасына көмек қолын соза алмайды. Ал ФИФА Мексика футбол федерациясына құрама жанкүйерлерінің Германиямен ойыннан кейінгі жөнсіз әрекеттері үшін 10 мың АҚШ доллары шамасында айыппұл салды.

Бұл ойын бүгін 21.00-де басталады. Кездесу «Qazaqstan» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін F тобындағы Германия мен Швеция («Qazaqstan». 00.00) кездесуі болады. Ал G тобындағы Бельгия мен Тунис («Qazsport». 18.00) кездеседі.

Соңғы жаңалықтар