ӘЧ-2018: Хорватия осы жолы Франциядан басым түсе алар ма екен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 15 шілдеде Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігі мәресіне жетеді. Финалдық ойында Франция мен Хорватия шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәскеудегі «Лужники» стадионының жасыл алаңында қос құрама бас бәйге үшін тартысқа түседі. Қайсысының чемпион атануға әлеуеті жетеді? Екеуі де оған лайық секілді. Десе де Францияның салмағы басымдау екенін жасыра алмаймыз. Бас бапкер Дидье Дешам өз құрамасына жастарды тартты. Олардың қатарында жас та болса жұлдыздай жарқырап жүрген жампоздар жетерлік. Атап айтқанда, қазір әлемнің әр қиырында тұратын жанкүйер жыр етіп айтатын Поль Погба, Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн секілді саңлақтарды ерекше айтуға болады. Франция құрамында әлемнің беделді клубтарында ойын көрсететін жігіттер баршылық. Қысқасы, бұл құрама алтын медальға лайықты бірден-бір ұжым деуге негіз бар. Хорватия да бұл жөнінен осал емес. Лука Модрич секілді құрамасын өрге сүйреп жүрген футболшы әлемнің үздік клубының бірі - Мадридтің «Реалында» доп тебеді. Модричпен бір командада Матео Ковачич те ойын көрсетеді. Жанкүйерлер назарында жүрген «Барселона» намысын қорғайтын Иван Ракитич те Хорватия құрамасының осындай биікке дейін жетуіне сүбелі үлесін қосты. Сондықтан бүгінгі ойын аса тартысты өтеді деген зор сенім бар.

Айта кетерлігі, бұған дейін Хорватия Францияға азуын батыра алмаған екен. Қос құрама 5 мәрте жасыл алаң төрінде шеберлік байқасқан. Оның 3-і Францияның жеңісімен аяқталса, 2-і тең ойын болды. Алғаш рет екеуінің жолы 1998 жылы әлем біріншілігінің жартылай финалында түйісті. Ол жолы француздар 2:1 есебімен басым түсіп, ақтық сайысқа шықты. Өз елінде өткен бұл доп додасында Францияның алтын кубокты төбесіне көтергенін жанкүйерлер жақсы біледі. Содан кейінгі екі жолдастық кездесуде де тағы да француздар мықтылығын танытып, 3:0, 2:0 есебімен жеңіске жетті. 2004 жылғы Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңінде қос құрама В тобында ойнап, бұл жолы олар 2:2 есебімен тең ойынды қанағат тұтты. Содан кейін қос құрама 2011 жылы Францияның Сен-Дени қаласында өткен жолдастық кездесуде 0:0 есебімен тең түсті. Соңғы екі кездесуде хорваттар азулы қарсыласымен терезесі тең деңгейде ойын көрсетіп келеді екен. Ендеше, бұл жолы өз тарихында тұңғыш рет Франциядан айласын асырып, алғаш рет алтын медальға қол соза ала ма екен?

Аталмыш кездесуде кім жеңіске жетеді? Букмекерлік кеңселер француздар басым түседі деген ниет танытып отыр. Әрине, барлығын жасыл алаң төріндегі тартысты бәсеке шешетіні белгілі. Әлемнің белгілі футболшылары да Францияның әлеуеті хорваттардан жоғары деген пікірді ұстанып отыр. Германия құрамасының бұрынғы ойыншысы Кевин Кураньи «Бүгінгі ойынның фавориті - Франция» деп ағынан жарылса, ресейлік белгілі бапкер Валерий Непомнящий «Француздар бұған дейін әдемі ойын өрнегін көрсетіп келеді. Сондықтан оларға сенім білдіремін» дейді. Атап кетерлігі, бүгін Хорватия чемпион атанып жатса, әлем біріншілігі тарихында жер көлемі шағын, халқының саны аз мемлекеттің құрамасы осындай зор табысқа тұңғыш рет қол созады. Хорватияда бүгінде 4,2 млн. адам тұрады, жер көлемі жөнінен дүние жүзінде 126-орында (56 594 км²) тұр.

    Аталмыш кездесу «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ойын Астана уақытымен 21.00-де басталады.

Кеше, 14 шілдеде Санкт-Петербург қаласында Бельгия Англиядан 2:0 есебімен басым  түсті. Осылайша олар «Қола жүлде кімге бұйырады» деген сауалдың түйінін тарқатты.

 

Соңғы жаңалықтар