ӘЧ-2018: Гарри Кейннің үш голы Англияны жеңіске жетеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан әлем біріншілігінің топтық кезеңіндегі екінші тур мәресіне жетеді. Бұл күні G және Н тобында ойындар өтеді. Осы күнгі ойындардың алғашқысы Англия мен Панама арасында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш кездесу жайында біз бұдан бұрын «Англия құрамасы Панаманы жеңе ала ма» деген ойымызды білдірген едік. Кездесудің екі құрама үшін де маңызы зор болды. Ағылшындар жолдамаға ертерек қол жеткізу мақсатында жанталасты. Панама да доп додасына бекерден-бекер келмегенін дәлелдегісі келсе, осы жолы өздеріне қажетті нәтижеге қол жеткізуі тиіс еді. Қарсыласының атағы мен абыройына қарамастан үш ұпай олжалап жатса, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартары сөзсіз. Бұған дейін Панама 11 еуропалық құрамамен кездескен екен. Олардың барлығында жеңілген. Кездесуге мысырлық төреші Геад Гриша қазылық етті.

Бұл ойынға Деле Алли қатыса алмады. Ол Туниспен кездесуінде жарақат алып қалған еді.

Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы стадионда өткен ойын ағылшындар шабуылымен басталды. Көздеген мақсатына олар көп ұзамай-ақ жетті. Англия алғашқы голын 8-минутта соқты. Голды ағылшын қорғаушысы Джон Стоунс өзінің еншісіне жазды. Ағылшын шабуылшысы Гарри Кейн өзінің голын 19-минутта соқты. Бұл жолы пенальтиді мүлтіксіз орындап, есеп айырмасын ұлғайта түсті.

Бүгінге дейін Гарри Кейн ұлттық құрама сапында 26 ойын өткізіп, өзінің еншісіне 16 голды жазып отыр. Ойынның 35-минутында табло 3:0 есебін көрсетіп тұрды. Ағылшындар сапынан голды Джесси Лингардтың қанжығасы майланды. Ал Джон Стоунс дубль жасап үлгерді. Есеп 4:0. Алғашқы кезең аяқталар тұста ағылшындар бесінші голын енгізді. Оны Гарри Кейн 11-метрліктен соқты. Есеп 5:0.

Ойынның екінші кезеңі де ағылшындар басымдығымен өтті. Панамалықтар доп айырмасын қысқартуға жанталасқанымен одан ешқандай пайда келмей жатты. Есесіне 62-минутта Гарри Кейн хет-триктің авторы атанып, сұрмергендер тізімінде португалдық Криштиану Роналду мен Ромело Лукакуды артқа қалдырып кетті.

Панама өз еліне құр қол қайтуды құп көрмеген секілді. Фелипе Балой 78-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ол Панаманың әлем біріншілігінің финалдық кезеңіндегі тұңғыш голының авторы атанды. Есеп 6:1. Англия алда.

Бұл топтағы соңғы тур ойындары 28 маусым күндері болады. Сол күні Англия мен Бельгия, Панама мен Тунис өзара кездеседі.

Бүгінгі күнге дейін әлем біріншілігіндегі ең ірі жеңіліс 1982 жылдың Мажарстан мен Сальвадор арасында тіркеліп, бұл жолы еуропалықтар 10:1 еесбімен жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ, 1954 жылы Мажарстан Оңтүстік Кореяны, 1974 жылы Югославия Заирді 9:0 есебімен жеңген еді. 

Сондай-ақ, бүгін Н тобындағы Жапония мен Сенегал («Qazaqstan». 21.00), Польша мен Колумбия («Qazaqstan». 00.00) құрамалары кездеседі. Осымен әлем біріншілігінің екінші тур ойындары түйінделеді.

Соңғы жаңалықтар