ӘЧ-2018: Ең жас футболшының голы француздарға жеңіс әкелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан әлем біріншілігінің кезекті ойыны Екатеринбург қаласындағы стадионда өтті. Мұнда «С» тобындағы Франция мен Перу құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрешінің ысқырығы естілісімен Франция футболшылары жылдам шабуылдарға көшті. Әуелі, «Манчестер Юнайтед» үздігі Поль Погба Перу қақпасына алыстан шірене тартты. Оның соққысы қақпадан сәл ғана қиыс кетті. Келесі сәтте Антуан Гризманн «сөз» алды. Шабуылшы айып алаңына кіріп барып теуіп үлгірген. Алайда, оған дәлдік жетіспеді. Матчтың 30-минутында ойда жоқта Перу құрамасы гол соғып кетуге шақ қалды. Француз қорғаушыларын алдап өткен Герреро ұрымтал тұсқа шығып, жерлете тепті. Бірақ, қақпашы Юго Льорис керек жерден табылды. Іле-шала ұйымдастырылған қарымта шабуыл француздарға жемісін берді. Шабуылшы Оилвье Жирудың тепкен добы қорғаушыдан серпіліп, Киллиан Мбаппенің аяғына дөп түсті. Ал, Франция құрамасының сапындағы ең жас ойыншы турнирдегі өзінің бірінші голын соқты. Осылайша, 19 жастағы Мбаппе әзірге Ресейдегі әлем чемпионатында сол соққан ең жас ойыншы атанды. Жалпы, Киллиан Мбаппе австралиялық Даниэль Арзанимен бірге осы мундиальдағы ең жас футболшылар. Екеуінің де жасы 19-да.

Бірінші таймның соңына таман А.Гризманннан пас алған Л.Эрнандес есепті еселейтін мүмкіндікті мүлт жіберді.

Кездесудің екінші бөлігі Перу аяқдопшыларының басымдығымен басталды. Жүйелі ұйымдастырылған шабуылды Педро Акино жойқын соққымен аяқтады. Оның тепкен добы қақпа бағанасына тиіп, аутқа кетті. Мұнан соң француздар О.Жиру мен У.Дембеле гол соғатын мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ойын соңына қарай Оңтүстік америкалықтардың капитаны Р.Герреро айып добын орындаған. Алайда, Франция қақпашысы бұл соққыға да тойтарыс берді.

Тоқсан минут та түгесілді. Сөйтіп, осы әлем чемпионатындағы ең жас ойыншылардың бірі К.Мбаппенің голы Франция құрамасына жеңіс әкелді. Сонымен қатар еуропалықтар «С» тобынан келесі айналымға шыққан алғашқы ұжым болды.

Соңғы жаңалықтар