ӘЧ-2018: Египет құрамасы Мохамед Салахсыз ойнай ма?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат ­- Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігінің А тобында Египет пен Сауд Арабиясы кездеседі. Қос құрама арасындағы ойын ешқандай жолдама тағдырын шешпейді. Өзара тартысты бәсекеде кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін таразылайды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеребе тартылған сәтте Египет өз тобында екінші орынға ие болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Солай боларлық жөні бар. Құрама сапында Мохамед Салах секілді жұлдыз бар. Бүгінде Англияның «Ливерпуль» сапында тер төгіп жүрген атақты футболшы өз құрамасын өрге сүйрей ме деген үміт зор болды. Алайда ол әлемдік додада өзін жақсы қырынан таныта алмады. Екі ойында небәрі бір ғана доп соқты. Уругвай және Ресеймен ойындарда оны қарсыластары тұсаулап тастағандай болды. Адымын жазып, шеберлігін көрсете алмады. Бәлкім, Сауд Арабиясымен кездесуде көп гол соғар. Дегенмен оның ешбір пайдасы жоқ. Египет құрамасы еліне ертерек қайтатын құрамалар қатарына әлдеқашан қосылып қойған.

СNN агенттігі ойын алдында Мохамед Салах жайында мынадай жағымсыз ақпарат таратты. Ол соңғы ойынға қарамастан құрама сапынан кетеді екен. Көп ұзамай оны құрама мамандары теріске шығарды. Египет құрамасы баспасөз қызметінің маманы Усама Исмаил бұл жайында «Онда тұрған ештеңе жоқ. Мохамед Салах құраманың барлық жаттығуына қатысты. Алдағы кездесуге әзірлігін жасауда», - деді.

Египет пен Сауд Арабиясы арасындағы кездесуде қай құрама жеңіске жетеді? Әрине, мамандар осы орайда Мохамед пен оның серіктеріне үлкен сенім артатыны белгілі. Құрамада Мохамедтен басқа да жұлдыздар бар. Атап айтқанда Англияның «Арсенал» (Лондон) командасында ойнайтын Мохамед эль-Ненни де жанкүйер алдында өздерін жақсы қырынан танытуға тырысады.

Сауд Арабиясы жөнінде мамандар да оң пікірін білдіреді. Рас, құрамада ел танитын жұлдыздар жоқтың қасы. Десе де құрама әлем біріншілігінде жақсы ойын көрсетуге тырысты. Физикалық тұрғыдан да дайындығы жаман емес. Оларға тәжірибе жетпеген секілді. Сол себепті соңғы кездесуде олар да намысқа тырысып, жеңіске жетіп жатса оған ешкім  таңғала қоймас.

Сауд Арабиясының бас бапкері Хуан Антонио Пицци Ресеймен өткен кездесу өздері үшін өте ауыр соққанын айтады. «Алғашқы ойын біз үшін өте соққы болды. Ес жинай алмай қалдық. Соған қарамастан біз өз жолымызбен жүріп келе жатқанымызды аңғарып отырмыз. Шәкірттерім алдағы уақытта талай биікті бағындыруға қол жеткізе алады деген сенімдемін», - деді ол.

Аталмыш ойын Волгоград қаласында өтеді. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан 20.00-де тікелей эфирден көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін А тобында  Ресей мен Уругвай («Qazaqstan».20.00) құрамалары кездеседі.  Ал В тобында Иран мен Португалия («Qazaqstan». 00.00), Испания мен Марокко («Qazsport». 00.00)   құрамалары шеберлік байқасады.

 

Соңғы жаңалықтар