ӘЧ-2018: Бүгін Швеция - Швейцария ойыны болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында «Санкт-Петербург» стадионында бүгін Швеция және Швейцария құрамалары өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жанкүйерлер деңгейлері шамалас екі команданың ойынына куә болмақ. Құрам жағынан, сырттай қарағанда, швейцариялықтар басымдау сияқты көрінгенмен, олардың ойынында тұрақсыздық байқалып жүр. Топтық кезеңнің бірінші турында бар күшін салып ойнамаған Бразилиямен тең түсіп, 2-турда Сербияны бір доп айырмасымен ұтты. Осы ойында тіпті бесінші минутта-ақ швейцариялықтар қақпасына доп кіргізіп алған еді. Бұдан бөлек, Коста-Рикаға қарсы ойынның басында да 20-25 минут бойы өз айып алаңынан шыға алмай жүрді. 2:1 есебімен жеңіп жатып, соңғы секундтарда пенальтиден гол жіберіп алды. Сонымен бес ұпаймен топтан 2-орынмен шықты. Оның үстіне, өткен ойындарда 2 сары қағаз алған команда лидерлерінің бірі Штефан Лихтштайнер бүгін алаңға шыға алмайды.

Ал Швеция, керісінше, соңғы кездері жақсы қырынан көрініп жүр. Азулы Германиямен бір топқа түскен скандинавиялықтар өз тобында бірінші орын алғанын атап өту керек. Жалпы, қорғанысы мықты шведтер тек әлем чемпиондарынан ғана екі гол жіберіп алды. Оңтүстік Кореяны 1:0, Мексиканы 3:0 есебімен тізе бүктірді. Скандинав түбегінің өкілдері чемпионат басталмай жатып-ақ футбол қоғамдастығын бір шулатып үлгерді. Іріктеу кезеңінен кейінгі өтпелі ойында Италияны жеңіп, чемпионаттан тыс қалдырғаны күні бүгінге дейін қызу талқыланатын тақырыптардың біріне айналды.

Бұған дейін өткізген ойындар нәтижесі бойынша да екі команданың деңгейі шамалас екенін көруге болады. 28 ойынның 11-інде Швейцария, 10-ында Швеция жеңіске жетіп, 7 ойында командалар ымыраға келген.

«Санкт-Петербург» стадионында өтетін ойынның тікелей трансляциясын 20:00-ден бастап «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналарынан тамашалауға болады.

Соңғы жаңалықтар