ӘЧ-2018: Бүгін Коста Рика мен Сербия күш сынасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының оныншы ойыны Самарадағы «Самара Арена» стадионында өтеді. Онда Е тобының өкілдері Коста Рика және Сербия құрамалары өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл екі құрама бұған дейін әлі кездесіп көрген емес. Сол үшін алдағы кездесуде нақты бір командаға басымдық берерліктей дәнеңе жоқ. Дегенмен, ФИФА рейтингіндегі орнына қарап Коста Риканың деңгейі жоғарырақ деп ойлауға болады. Чемпионат алдындағы ұпайлар бойынша Латын Америкасының өкілі 23-орынды иеленіп тұр, ал сербтер әзірге 751 ұпаймен 34-орынды қанаған тұтып келеді.

Осы орында рейтинг атаулының мейлінше шартты ұғым екенін еске түсірейік. Дәл осы Коста Рика 2014 жылғы Әлем чемпионатына 28-орынмен барып, турнирден соң 12 сатыға бір-ақ көтерілген болатын. Сол чемпионатта Италия, Англия, Уругвай құрамалары бар D тобында (сол топты мамандар Коста Рика үшін өлім тобы деген) 7 ұпаймен бірінші орын алып шыққан. 1/8 финалда Грекияны кедергі көрмей, ширек финалға дейін барып жұртты бір шулатқан. Сол кезеңде Хорхе Луис Пинто шәкірттерін азулы Нидерланды құрамасы пенальтилер сериясында әрең тоқтатқан.

Қазіргі Коста Рика - сол Коста Рика. Қақпасын, сол баяғыша, «Реал Мадридтің» негізгі кипері Кейлор Навас қорғайды. Қорғаныс шебінде Джонни Акоста, Джанкарло Гонсалес, Оскар Дуарте, Кристиан Гамбоа, Франсиско Кальво Кендалл Уостон, Брайан Овьедо секілді үлкен матчтарда ысылған ойыншылары бар. «Спортингтен» шақырылған капитан Брайан Руис бастаған жартылай қорғаныс Сельсо Борхес («Депортиво»), Кристиан Боланьос, Даниэль Колиндрес, Рэндалл Асофейра (ішкі чемпионат өкілдері), Родни Уоллас, Ельцин Техеда және Давид Гусмандардан құралған. Ал өткір шабуыл өтінде Испания чемпионатында тәжірибе жинақтап жүрген Хоэль Кемпбелл бар. Оның қабатында Йохан Ванегас пен Маркос Уренья бар.

Жалпы, КОНКАКАФ аймағынан жолдама алған құрама түбірлі өзгерістерге бой алдырған жоқ. Тіпті қазіргі бапкері Оскар Рамирестің өзі де 2014 жылы ассистент болған, 2015 жылдан бері осы құраманы жаттықтырып келеді. Қорыта айтқанда, қазіргі Коста Рика кез келген алпауыттың азуында кететін команда емес.

Осындай жинақы құрамаға қарсы Сербия Еуропада жүріп тәжірибе арттырған бірнеше футболшымен келген. Команда капитаны Александр Коларов («Рома») пен Бранислав Ивановичті, Антонио Рукавина («Вильярреал») мен «Манчестер Юнайтедтегі» Неманья Матичті білмейтін футбол жанкүйері жоқ шығар. Милинкович-Савич («Лацио», Италия), Александр Митрович («Фулхэм», Англия) секілді жас футболшылар да - он екі жылдан бері жеке құрама болып отырған сербтердің үкілеп отырған үміті.  

Команданы былтырдан бері, Юпп Хайнкестің пікірінше, «жеңімпаз менталитет» иесі, 44 жастағы Младен Крстаич жаттықтырып келеді. Крстаич Е тобында Бразилия мен Швейцарияға қарсы ойындарда толық 3 ұпайдан алу қиынның қиыны екенін жақсы түсінеді. Сол үшін Сербия Коста Рикадан қайтсе де үш ұпай еншілеуі тиіс. Сондықтан, чемпионат алдындағы дайындық аясында Латын Америкасының өкілдерімен жолдастық кездесу өткізді. Маусым айының басында Чилиден 0:1 есебімен ұтылғанмен, артынша, Боливияны талқандап кетті (5:1).

Е тобының айқын фавориті Бразилия құрамасы екендігі құпия емес. Сол үшін бүгіннен бастап плей-оффқа шығуға құқық беретін екінші орын үшін ымырасыз күрес жүреді. Оған кім көбірек лайық деген сұраққа бірнеше сағаттан соң Qazsport арнасындағы тікелей эфирде мардымды жауап аламыз. Ойын Астана уақытымен 18:00-де басталады. Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады.

Соңғы жаңалықтар