ӘЧ-2018: Бүгін Колумбия Жапониямен ойнайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионаты топтық кезеңінің 1-тур ойындары қорытындыланады, Н тобының алғашқы кездесуінде Колумбия және Жапония құрамалары үш ұпайды сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол сарапшылары, букмекерлік кеңселер осы кездесудің айқын фавориті ретінде Колумбия құрамасын көрсетіп отыр. Хосе Пекерман шәкірттері қазір нағыз бабында, оның үстіне колумбиялықтар жұлдыз футболшыларға да кенде емес.

Қақпаны Давид Оспина («Арсенал», Англия) қорғайтыны талас тудырмаса керек. Сонымен қатар осы чемпионатқа ішкі біріншілікте өнер көрсететін Камило Варгас пен Хосе Куадрадо шақырылған. Қорғаныс шебі Кристиан Сапата («Милан», Италия), Оскар Мурильо («Пачука», Мексика), Йерри Мина («Барселона», Испания), Хоан Мохика («Жирона», Испания),  Франк Фабра («Бока Хуниорс», Аргентина) және Сантьяго Ариас («ПСВ», Голландия) секілді футболшылардан жасақталады. Вильмар Барриос («Бока Хуниорс»), Карлос Санчес («Эспаньол», Испания), Абель Агилар («Депортиво Кали», Колумбия), Матеус Урибе («Америка», Мексика), Джефферсон Лерма («Леванте», Испания), Хуан Фернандо Кинтеро («Ривер Плейт», Аргентина) - алаң орталығында ойнайды. Команданың басты жұлдыздары Хамес Родригес («Бавария», Германия) пен Хуан Куадрадо («Ювентус», Италия) команданы шабуылдарын бастап береді. Ал өткір шабуыл өтінде Карлос Бакка («Вильярреал», Испания) мен Радамель Фалькао («Монако», Франция) Ресей жасыл алаңдарында командасын алға бастайды, оларға көмек ретінде Луис Муриель («Севилья», Испания), Мигель Борха («Пальмейрас», Бразилия), Хосе Икьердо («Брайтон энд Хоув Альбион», Англия) шақырылған.

Жапонияның негізгі қақпашысы - Францияның «Мец» клубында өнер көрсететін Эйдзи Кавасима. Оны алмастыруға ішкі чемпионат өкілдері Масааки Хигасигути мен Косукэ Накамура бар. Жапония чемпионатынан шақырту алғандар қорғаныс шебінде де баршылық, олар: «Кашима Антлерс» ойыншылары - Наомити Уэда, Гэн Сёдзи, сондай-ақ «Урава Рэд Даймондстан» шақырылған Ватару Эндо мен Томоаки Макино. Қалған төрт қорғаушы танымал клубтар сапында өнер көрсетеді. Олар: Юто Нагамото («Галатасарай», Түркия), Хироки Сакаи («Олимпик Марсель», Франция), Готоку Сакаи («Гамбург», Германия), Мая Ёшида («Саутгемптон», Англия). Жапониялықтардың орта шебінде шетелде тәжірибе жинақтаған ойыншылар жеткілікті. Атап айтқанда, Кэсукэ Хонда («Пачука»), Гаку Сибасаки («Хетафе», Испания), Гэнки Харагути, Такаши Усами (екеуі де «Фортуна Дюссельдорф», Германия), Шинджи Кагава («Боруссия Д», Германия), Макото Хасэбэ («Айнтрахт Франкфурт», Германия), Такаши Инуи («Бетис», Испания) бар. Бұлардың қатарын ішкі чемпионат өкілдері Хотару Ямагути мен Рёта Осима толықтырып тұр. Өткір шабуыл өтіндегі Шинджи Оказаки - қазіргі Жапонияның бас жұлдызы. Ол «Лестер» сапында жүріп Англия чемпионы атанды. Оған Германия чемпионатының тағы екі өкілі Ёсинори Муто («Майнц 05») мен Юя Осако («Вердер») көмектеседі. Бас бапкер - жапониялық маман Акира Нисино.

Колумбияның құрамына қарап, алғашқы минуттардан алаңға кімдер шығатынын шамалауға болады. Бірақ Жапония құрамасын болжау қиын, өйткені Еуропа ұлттық чемпионаттарында жүрген футболшылардың барлығы да негізгі құрам ойыншылары емес.

Бұған дейін Колумбия мен Жапонияның үш рет жолы түйіскен. 2003 жылы «кофешілер» 0:1, 2014 жылы 1:4 есебімен жеңіске жеткен, жалғыз тең нәтиже 2007 жылы тіркелген. Осы статистика да Колумбияның басымдығына нұсқайды. Бұдан тыс, Колумбия қазір ФИФА рейтингінің 16-сатысында, ал Жапония 61-орында тұр.

Ойын Саранскідегі «Мордовия Арена» стадионында, Астана уақытымен 18:00-де басталады. Ойынның тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасы ұсынады. Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады.

Соңғы жаңалықтар