ӘЧ-2018: Бразилия Мексиканы жеңіп, ширек финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында Самараның «Самара Арена» стадионында Бразилия және Мексика құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес рет әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасы осы ойынның фавориті саналған еді. Бірақ олар ойын басында 20 минуттай мексикалықтардың шабуылынан көз аша алмай қойды. Бірақ үсті-үстіне қаптатқан шабуылдардан нәтиже шыға қойған жоқ. Есесіне енді Бразилия ес жиып, ойын тізгінін қолға алды. 25 және 33-минуттарда «пентакампеондар» екі рет қауіпті соққы бағыттай алды. Оларды мексикалықтардың қақпашысы Гильермо Очоа қайтарды. Бірінші таймда командалардың гол соғатындай басқа мүмкіндігі болған жоқ.

Екінші тайм толық бразилиялықтардың үстемдігімен өтті. Үзілістен кейін жанкүйерлер мүлдем басқа Бразилияны көрді. Күш жинап келген қалың қол сияқты жоспарлы шабуылға шықты. Оның нәтижесі де көп күттіре қойған жоқ. 51-минутта Неймар қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Ол айып алаңының ту сыртында айналшықтап жүріп допты Виллианға қалдырды да, өзі қорғаушылардың шебінен сытыла беріп, қақпашының алаңқайына қарай жүгірді. Бұл кезде Виллиан айып алаңының оң жақ шетінен жарып кіріп, қақпаның түбіне қарай жерлетіп пас беріп үлгерген. Доп тура аяғына келіп түскен Неймар ашық қақпаға тоғыта салды - 1:0.

Мексикалықтар есепті теңестіруге қаншалықты ұмтылса да, бұған күші жетпеді. Қайта, 89-минутта қарсы шабуыл кезінде Бразилия екінші голын да соқты. Оң қанаттан жылдам шабуылдаған Неймар өткір шабуыл өтіндегі Фирминоға дәл пас берді. Тура бірінші голдағы сияқты бұл жолы да бразилиялық шабуылшылар ашық қақпаға гол соғудан мүлт кеткен жоқ. Роберто Фирминоның осы гол ширек финал мәселесіне іс жүзінде нүкте қойды.

Енді Бразилия құрамасы ширек финалда Бельгия және Жапония командалары арасындағы ойынның жеңімпазын күтеді.

Фото: ru.fifa.com

Соңғы жаңалықтар