ӘЧ-2018: Бельгия тұңғыш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 шілдеде футболдан 2018 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері анықталды. Бұл құрметті атақ Бельгия құрамасына бұйырды. Бельгиялықтар Англияны 2:0 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Англия мен Бельгия құрамалары Санкт-Петербург қаласында қаламен аттас стадионда қола жүлдені сарапқа салды. Жанкүйерлер қос құраманы да финалға шығуға лайық санаған еді. Расында, бұл доп додасында олар тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Десе де  жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп қойды. Англия Хорватиядан жеңілсе, Бельгияның Францияға тісі батқан жоқ. Бұл жайында «Қола жүлде кімге бұйырады» деген сараптамамызда айтқан едік.

Көп жағдайда 3-орын үшін сайысты жұбаныш ойыны деп атайды. Ақтық сайысқа шыға алмай қалған құрамалар доп додасынан құр қол қайтуды қаламай, осы ойынға барын салып жатады. Тарихқа көз салып қарасақ, екі құрама да бұған дейін қола жүлдеге қол созып көрген жоқ екен. Англия 1966 жылы алтыннан алқа таққанымен, бұдан басқа әлем біріншілігінде күміс немесе қола жүлдеге қол созбаған. Бельгия құрамында қай кезде де үздіктер ойын көрсеткенімен, қазіргі күнге дейін бірде-бір мәрте үздік үштікте болу бақыты олардың маңдайына жазылмай келеді. Тек 1986 жылы төртінші орын алған еді.

Бельгия сол олқылықтардың орнын осы жолы толтырып қайтқанды дұрыс көрген секілді. Ирандық төреші Алиреза Фаганидің ысқырығы естілісімен бельгиялықтар ағылшындар қақпасына лап қойды. Осындай сәттердің бірінде алғашқы гол да соғылып үлгерді. Бельгия қақпашысы Тибо Куртуа өз қақпасы аумағынан алаңның орта шебінде жүрген Насер Шадлиге пас тастады. Ол да ағылшындар қақпасы маңындағы Тома Мёньеге бағыттады. Менье оны голға айналдырып, өз құрамасын алға шығарып үлгерді. Бұдан кейін қос құраманың да есепті өзгертуге мүмкіндігі аз болған жоқ еді. Дегенмен бірінші кезең 1:0 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңде ағылшындар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Қарсыластар қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәтті ұйымдастырды. Осындай қолайлы сәттің бірін биылғы біріншіліктің ең үздік сұрмергені Гарри Кейн мүлт жіберіп алды. Кейбір сәттерде Бельгия құрамасы уақытты ұстауға ниеті бар екенін танытып қойды. Арасында шабуылға шыққанымен, негізінен өз қақпасы маңында көбірек жүрді десек те болады. 67-минутта ағылшындар шабуыл ұйымдастырған еді. Оны шабуылшы Гарри Кейн өз пайдасына жарата алған жоқ. 79-минутта Бельгия әдемі ойын өрнегін көрсетті. Соңғы нүктені Тома Менье қоюы тиіс болатын. Дегенмен оның 20 метрдей жерден тепкен добын Англия қақпашысы Джордан Пикфорд қайтарды. Дегенмен ол 82-минутта өзімен бетпе-бет шыққан Эден Азарға тосқауыл бола алмады.

Осылайша Бельгия өз тарихында тұңғыш рет жүлдегерлер қатарынан көрініп отыр. Бұған дейінгі олардың аталмыш доп додасындағы ең жоғары жетістігі - 1986 жылғы әлем біріншілігінде төртінші орын алуы. Сондай-ақ, Бельгия Еуропа біріншілігінде 1980 жылы күміс жүлдегер атанған еді.  

Айта кетерлігі, Бельгия Англиядан топтық кезеңде де 1:0 есебімен басым түскен еді.  Бельгия мен Англия арасында бүгінге дейін 22 кездесу өткен екен. Бельгия көп жағдайда ағылшындарға есе жіберді. Небәрі 2 кездесуде жеңіске жеткен. Алғашқысы 1936 жылы болған жолдастық кездесу. Онда Бельгия 3:2 есебімен мықтылығын танытты. Одан кейінгі жеңіс биылғы топтық кезеңде болды. Ал 15 ойында ағылшындар жеңіс тойын тойлаған. Сондай-ақ, 5 кездесу тең аяқталған.

Әлем біріншілігі 15 шілдеде мәресіне жетеді. Бұл күні Ресей астанасы - Мәскеу төріндегі «Лужники» стадионында Франция мен Хорватия құрамалары кездеседі. Аталмыш кездесу «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Фото: segodnya.ua

Соңғы жаңалықтар