ӘЧ-2018: Бельгия құрамасына Тунис қолайсыз қарсылас па

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінде бүгін G тобында алғашқы ойын өткізіледі. Бұл жолы Бельгия мен Тунис құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тунис құрамасы Бельгияға қолайсыз қарсылас секілді. Айта кетерлігі, екі құрама бұған дейін 3 мәрте шеберлік байқасқан. Олар бір-бірден жеңіске жетсе, бір ойында тең нәтиже тіркелді. Қос құраманың жолы алғаш рет 1992 жылы түйісті. Жолдастық кездесуде Тунис 2:1 есебімен жеңді. 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда болған әлем біріншілігінде олар Н тобында кездесіп, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Әрине, ол кезде бельгиялықтар құрамында қазіргідей жұлдыздар жоқ еді. 2014 жылы қос құрама тағы да жолдастық кездесу өткізіп, бельгиялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Екеуі де бір-бірінің қақпасына үш-үштен гол соққан. Ендеше, әзірге таразы басы тең тұр. Сондықтан бұл ойында қос құрама да сол көрсеткішті жаңартуға тырысады.

Рас, бүгінде Бельгия құрамында жұлдыздар көп. Олар әрбір кездесуде өздеріне сенімді ойнайды. ФИФП рейтингінде олардың үздік үштікті түйіндеді. Бұл көп жағдайды аңғартса керек-ті. Доп додасында алтыннан үміткер ретінде Бельгия құрамасы да айтылады.

Алғашқы турда Бельгия үш ұпайды қоржынға салды. Олар Панаманы 3:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Бельгия елінен келген жампоздар әлсіз Туниске қандай шеберлік көрсете алады? Оны ойын барысында саралайтын боламыз. Тунис алғашқы турда Англияға 1:2 есебімен жол берді.

Бельгия әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Соған қарамастан бірде-бір ойында жеңілген жоқ. Бельгия 10 кездесуде 43 гол соқты. Сонда әрбір кездесуде орташа есеппен алғанда 4 доптан соққан болып есептеледі. Топ соңында Грекия, Босния, Кипр, Гибралтар құрамаларын артта қалдырды.

Тунис құрамасының қақпашысы Муэз Ассен жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмайтын болды. Сондықтан алдағы кездесуде оның орнын әріптестерінің бірі басады. Бельгия құрамасы сапында мұндай проблема туындап отырған жоқ. Тунистіктер сапында Еуропаның маңдайалды клубтарында ойнайтын фтболшылар жоқ. Олардың барлығы дерлік араб және африкалық біріншіліктерде сынға түседі.

Әлемнің букмекерлік кеңселері аталмыш кездесуге өз жорамалын жасады. Әрине, олар бельгиялықтар жеңіске жетеді деген сенімде.

Бүгін бұл кездесу 18.00-де Мәскеу қаласындағы «Спартак» стадионда өткізіледі. Кездесу «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, F тобындағы Мексика мен Оңтүстік Корея («Qazaqstan». 21.00), Германия мен Швеция («Qazaqstan». 00.00) ойындары болады.

Соңғы жаңалықтар