ӘЧ-2018: Бельгия құрамасы панамалықтарды ойсыратып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінде тағы бір ойын мәресіне жетті. Ресейдің Сочи қаласындағы «Фишт» стадионында G тобын бойынша өткен Бельгия мен Панама құрамалары арасындағы кездесуде еуропалықтар қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз бұдан бұрын Бельгия - Панама құрамалары арасындағы кездесу жайында аз-кем баяндап кеткен едік.

Орталық Америка өкілдері тосынсый жасай ма деген үміт те болған. Дегенмен Эден Азар бастаған бельгиялық жігіттер бұл жолы өздерінің тәжірибесі мол екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әлемдік рейтингте үздік үштікті түйіндеп тұрған Бельгия дүбірлі доп додасының табалдырығын енді аттаған Панама құрамасы қақпасына бірден-ақ лап қойды. Тәжірибе аздығынан ба, Орталық Америкадан келген жігіттер қарсыластары шабуылға шыққанда абдырап қалғаны аңғарылды. Бұл - алғашқы он минуттың ішінде байқалған көрініс. Бұдан кейін панамалықтар ес жиған секілді. Біріншілікке бекерден-бекер келмегеніне жұрттың көзін жеткізу мақсатында тырысып бақты. Десе де мұндай қарсыласынан бельгиялықтар онша ыға қойған жоқ. Тезірек гол соғу мүмкіндігін іздеді. Тіпті, олар ұйымдастырған шабуылдар есебінен жаңылысып қалатындай болдық.

Ойынның 6-минутында бельгиялықтар Панама құрамасы маңында осындай сәтті жанкүйер назарына ұсынды. Бельгия жампозы Эден Азар әріптесі Янник Феррейра Карра́сконың қақпаға доп тебуіне мүмкіндік жасаған еді. Алайда, Каррасконың тепкен добын панамалық қақпашы Хайме Пенедо қақшып алды. Арада бір минут өткенде Орталық Америкадан келген құрама қақпасы маңында осындай жағдай болды. Бельгиялық Дрис Мертенс өз әріптесінен гол соғуға әдемі мүмкіндік алды. Доп қақпа маңдайшасына тиіп, Хайме Пенедо оны қолына ұстап алды. 10-минут. Тағы да сол Панама қақпасының маңы. Сол құраманың ойыншысы Роман Торрес өз қақпашысына доп тастауға ниеттенген еді. Оны Эден Азар өз пайдасына жаратып кете жаздады.

Тағы бір қауіпті сәт 20-минутта болды. Бұл жолы бельгиялық Кевин Де Брёйне оң қанаттан қақпаға доп бағыттады. Соңғы сәтте оны панамалық Роман Торрес сыртқа шығарып үлгерді. Екі минут өткенде Кевин Де Брёйне тепкен доп қақпадан биік кетті. Қысқасы, ойынның бірінші кезеңінің басым бөлігінде Еуропа құрлығының өкілдері қарсыластарын тықсырып бақты. Тіпті, доп негізінен Панама қақпасы алдында жүрді десек те болады. Бірінші кезеңде қос қақпадан да саңылау табылған жоқ. Құрамалар 0:0 есебімен демалыс бөлмесіне беттеді.

Екінші кезең бастала салысымен бельгиялықтар дегеніне жетті. Дрис Мертенстің оң қанаттан шірене тепкен добы Панама қақпасы торында тулап жатты. Бұл 47-минут болатын.

Ойын барысында байқағанымыз, Панама біріншілік барысында тосынсый жасауға шамасы келе қоймайтын секілді. Олай деуімізге негіз бар. Оларда жүйелі ойын өрнегі байқала қоймайды. Сондықтан олар үшін әрбір кездесуде ірі есеппен жеңіліске жол бермеу басты мақсаттың біріне айналса керек-ті.

Бельгиялықтар 69-минутта есепті еселей түсті. Кевин Де Брюйне сол қанаттан қақпаның алыс бұрышына доп асырған еді. Оны өзінің әріптесі Ромело Лукаку тиімді пайдаланды. Гол соқты. Есеп 2:0. 75-минутта Ромело Лукаку дубль жасады. Панамалық қақпашымен бетпе-бет шыққан ол ешбір саспастан оны қақпа торында тулатты. Есеп 3:0.

Бұдан кейін Панама құрамасы есепті қысқартуға тырысып бақты. Алайда оған Еуропа құрлығының өкілдері жол берген жоқ.

Бүгін G тобында тағы бір кездесу өтеді. Ресейдің Волгоград қаласындағы стадионда Тунис - Англия құрамалары кездеседі. Ойын Астана уақытымен 00.00-де «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады.

Соңғы жаңалықтар