ӘЧ-2018: Бельгия құрамасы қарқынына қарқын қосты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінде бүгін G тобындағы алғашқы ойында Бельгия мен Тунис құрамалары кездесті.

Ә дегеннен Бельгия қарсылас қақпасына лап қойды. Шабуыл шебін нығайтты. Ертерек гол соғуға ықылас танытты. Дегеніне жетті. Тунис қорғаушылары сондай сәттердің бірінде бельгиялықтарды шалып жығудан басқа амалы қалмады. Бұл ойынның небәрі 1-минуты болатын. Кевин де Брюйне оны қақпаға дұрыс бағыттай алмады. Гол 6-минутта пенальтиден соғылды. Оны Бельгия жампозы Эден Азар өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін де бельгиялықтар екпінін баса қойған жоқ. Олар 16-минутта есепті үстемеледі. Бұл голды Дрис Мертенстің пасынан кейін Ромело Лукаку қақпаға енгізді. Тунис жігіттері қос голдан кейін еңсесін түсіре қойған жоқ. Екі минуттан кейін Вахби Хазридің әуелете берген добын Дилан Бронн баспен Бельгия қақпасына топ еткізді. Есеп 2:1. Бельгия алда болғанымен бұл гол олар үшін жеңіске жету үшін әлі де тынбай тер төгу қажеттігін аңғартып қойды.

Біз бұдан бұрын «Бельгия құрамасына Тунис қолайсыз қарсылас па?»  деген ойымызды жеткізген едік. Өйткені, қос құрама бүгінге дейін 3 мәрте кездесіп, біруі бір мәрте екіншісі екі мәрте жеңіске жеткенін айттық. Екі құрама бір-бірінің қақпасына үш-үштен гол да соққан. Сондықтан бұл ойында кім жеңеді деген сауалдың жауабы басы ашық күйінде қалып қойған еді. Бельгия жігіттері лайықты жауабын берді. 

Тунис жігіттері бұған дейін төрт мәрте әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне келген. Оның ешбірінде топтық кезеңнен шыға алмаған екен. Сол олқылықтың орнын биыл толтыра ма деген ой жанкүйерлер көкейінде тұр.

Тунис те бұл ойында жеңілген жағдайда еліне ертерек қайтуға қамданады. Құрама ойыншылары оны жақсы түсінеді. Сол себепті олар әрбір сәтті дұрыс пайдаланып қалуға тырысты. Алғашқы 30 минутта көптеген қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Олар қарсыластың ығына жығыла қойған жоқ. Бельгиялықтарды оп-оңай алдап, олардың қақпасы алдына емін-еркін жетіп жатты. Бірінші кезең осылайша өрбіді. Екі құрама ашық шабуылға шықты.  Бельгиялықтар да құр қарап қалған жоқ. Шабуылға шығуды естен шығарған жоқ. Дегенмен гол соғатын бірнеше мүмкіндікті Ромело Лукаку құр жіберіп алды. Ол дегеніне 45-минутта жетті. Әріптесі Тома Меньенің пасын Лукаку голға айналдырды.   

Қорғаушы Тоби Алдервейрелдтің пасын 51-минутта Эден Азар голға айналдырды. Есеп 4:1. Тунис енді жеңістің қолдан ұзап кеткенін түсінді. Шабуылға шығудан гөрі қақпасына гол жіберіп алмаудың жолын іздегендей күй кешті. Ойынның 90-минутында Миши Батшуайи өз командасы тағы бір доп сыйлады. Есеп 5:1. Тунис бұдан кейін есеп айырмасын қысқартуға күш салды. 93-минутта Вахби Хазри гол соғып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі. Нәтижесінде ойын 5:2 есебімен Бельгияның пайдасына аяқталды.

Бельгия құрамасы екі ойында 7 гол соғып, өздерінің бабында екенін тағы бәр мәрте дәлелдей түсті. Бұл ойында Ромело Лукаку екі гол соғып, сұрмергендер көшінде португалдық Криштиану Роналдумен теңесті. Ол өз құрамасының Панамамен кездесуінде де қос голдың авторы атанған еді.

Бұл топтағы келесі тур ойындары 28 мусым күні болады. Сол күні Англия мен Бельгия, Тунис пен Панама құрамалары кездеседі.

Сондай-ақ, бүгін F тобындағы Мексика мен Оңтүстік Корея  («Qazaqstan». 21.00), Германия мен Швеция («Qazaqstan». 00.00) ойындары болады.

Соңғы жаңалықтар