ӘЧ-2018: Австралия құрамасы Данияға қандай қауқар көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінің сегізінші ойын күнінде, 21 маусымда Самара қаласындағы стадионда Дания мен Австралия құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бұл - қос құраманың төртінші мәрте кездесуі. Екі ойында дат футболшылары жеңіске жеткен еді. Алғашқы кездесу 2007 жылдың 6 ақпанында Англия астанасы - Лондон қаласында өтіп, онда дат жігіттері 3:1 есебімен басым түсті. Келесі кездесу де жолдастық деңгейде өткізілді. Оңтүстік Африканың  Йоханнесбург қаласында 2010 жылдың 1 маусымында болған ойында жасыл құрлықтың өкілдері 1:0 есебімен жеңді. Үшінші ойын да жолдастық кездесу болып есептеледі. 2012 жылдың 6 ақпанында Данияның Копенгаген қаласында өткізілген матчта тағы да алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бұдан бұрын ресми ойындарда шеберлік байқасып көрмеген қос құрама бір-біріне есе жіберуді қолайлы көрмейтіні анық.

Алдағы кездесу жайында Австралия құрамасының қорғаушысы Азиз Бехич Данияны жеңуге күш салатынын жеткізді. «Біз алғашқы ойында өзімізге қолайлы нәтижеге қол жеткізе алған жоқпыз. Сондықтан алдағы кездесуге тыңғылықты әзірлік жасадық. Біз өзіміздің жақсы қырымызды көрсетеміз», - деді ол. Дания құрамында жарақат алған футболшы бар. Жартылай қорғаушы Вильям Квист биылғы әлем біріншілігінде енді ойнай алмайтын болды. Перумен өткен ойында алған жарақатына байланысты оны әріптесі Лассе Шоне 35-минутта алмыстырған еді.

Дания алғашқы турда Перу құрамасынан айласын асырды.  Қарсыласын 1:0 есебімен жеңді.  Австралияны да тізе бүктірсе, жарыстың келесі кезеңіне берілетін жолдаманы ертерек қалтаға басады. Есесіне Австралия Франциядан 1:2 есебімен жеңіліп, жағдайын біршама қиындатып алған еді. Сондықтан жасыл құрлық өкілдері бар күшін салары анық. Данияның бас бапкері Оге Харейде қақпашы Каспер Шмейхельге көңілі толатынын жеткізді. «Каспер Шмейхельді акробат деп санауға негіз бар. Оны әлемдегі үздік қақпашының бірі деп санай аламыз», - деді ол.

Австралия әлем біріншілігіне әрең жеткені белгілі. Топтық кезеңде В тобында үшінші орын алған ол плей-офф кезеңінде Гондурасты әрең жеңді. Финалдық кезеңде алдымен Франциядан 1:2 есебімен жеңілген құрама енді Данияға қандай қауқар көрсете алады? Оны бүгінгі кездесуде анықтайтын боламыз. Ойын «Qazsport» арнасынан 18.00-де тікелей көрсетіледі.

Австралия бүгінгі күнге дейін мундиальдің финалдық кезеңіне 4 мәрте қатысқан. 2006 жылы топтық кезеңде Жапонияны 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Бразилиядан 0:2 есебімен жеңіліп, Хорватиямен 2:2 есебімен тең ойнады. Жарыстың 1/8 сатысында Италиядан 0:1 есебімен жеңіліп, еліне қайтуға мәжбүр болды. Олардың бұдан өзге жоғары көрсеткіші әзірге тіркелген жоқ. 1974, 2010, 2014 жылдарда топтық кезеңнен аса алған жоқ.

Сондай-ақ, бүгін бұл топта Франция - Перу («Qazaqstan». 21.00) құрамалары кездеседі. Ал D тобында Аргентина мен Хорватия («Qazaqstan». 00.00)  шеберлік байқасады. 

Соңғы жаңалықтар