ӘЧ-2018: Аргентинаның Исландиямен ойнайтын құрамы белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының C және D тобындағы командалар бірінші тур кездесулерін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанкүйерлер асыға күткен ойындардың бірі әйгілі Лионель Месси бастаған Аргентина және алғаш рет мундиальға қатысқалы отырған Исландия құрамалары арасында болмақ. Бұл екі команданың бір-бірінен айырмашылығы орасан екенін айтып отырудың өзі артық. Бірақ аралдықтардың бас бапкері Хеймир Халльгримссон өз командасының ФИФА рейтингіндегі үздік 20 құраманың бірі екенін айтып, Исландия әлем чемпионатына кездейсоқ жолдама алды дегендермен келіспей отыр.

«Еуропа чемпионатында керемет нәтижеге жеттік. Соңғы төрт жылда команда тұрақты ойын өрнегін көрсетіп келеді, маңызды ойындарды ұттық. Біз чемпионаттың басқа қатысушыларына қарағанда өзгешелеу ойнаймыз», - дейді бапкер.

Исландия - осыдан екі жыл бұрын өткен Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңінде Англияны шығарып жіберген команда. Бапкері Х. Халльгримссонның негізгі мамандығы - тіс дәрігері. Осы чемпионатта командасы қандай нәтиже көрсетуінен тыс, тіс емдеуін тоқтатпайтынын мәлімдеп үлгерді.

Ол Ресейдегі Әлем біріншілігіне шақырған 22 футболшының тек біреуі - қорғаушы Биркир Севарссон ғана ішкі чемпионатта, Рейкьявиктің «Валюр» командасында өнер көрсетеді. Қақпашылардың үшеуі де (Ханнес Тоур Халльдоурссон, Фредерик Шрам, Рунар Рунарссон) Дания клубтарында, қорғаушы Хердур Магнуссон, жартылай қорғаушылар - Йоханн Берг Гудмундссон, Биркир Бьярнасон, Гильфи Сигурдссон және шабуылшы Йон Бедварссон - Англия чемпионаттарында ойнайды. «Ростовтағы» Сверрир Игнасон, Рагнар Сигурдссон және Бьерн Сигурдарсон Ресейдің ауасымен етене таныс деуге болады. Команда капитаны Арон Гуннарссон Уэльстің «Кардиф сити» командасынан шақырылған. Басқа футболшылар да Еуропаның түрлі чемпионаттарында жүр. Жалпы, сарапшылар Исландия осы чемпионатта ұялмайтындай ойын көрсетеді деп сеніп отыр. Дебют ойынның алғашқы минуттарынан алаңға кім шығатынын бапкер жария еткен жоқ.

Ал Аргентина биыл 17-ші рет мундиальға қатыспақ. «Альбиселесте» деген атпен танылған құраманың ойыншылары тіпті футболға қызықпайтын адамдарға да белгілі. Кешегі баспасөз мәслихатынан кейін Аргентина бас бапкері Хорхе Сампаоли негізгі құрамда:  Вилли Кабальеро, Николас Отаменди, Маркос Рохо, Николас Тальяфико, Хавьер Маскерано, Эдуардо Сальвио, Лукас Билья, Максимильяно Меса, Анхель Ди Мария, Лионель Месси және Серхио Агуэро шығатынын жеткізді.

Бір қызығы, команда капитаны Лионель Месси әлем чемпионаттарындағы дебютін осыдан тура 12 жыл бұрын, 2006 жылғы 16 маусымда Сербия және Черногорияға қарсы өткен ойында тойлап, командасының соңғы голын соққан болатын (6:0). Ал биылғы 16 маусымда әлем чемпионатының дебютанты атанып отырған командаға гол соға ала ма, жоқ па - бірнеше сағаттардан соң білеміз.

Еске сала кетейік, ойынды Qazaqstan ұлттық арнасы Астана уақытымен 19:00-де тікелей эфирден көрсетеді.

Турнир ойындарының толық кестесін мына жерден көруге болады.

 

Соңғы жаңалықтар