ӘЧ-2018: Англия - жартылай финалда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Швеция құрамасы Англиямен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Самара қаласындағы кезекті матч алма-кезек шабуылдармен басталды. Алдымен, швед Виктор Классон алыстан шірене тартты. Оның соққысына Англия капитаны Харри Кейн жауап қайтарды. Ағылшындар қарсыластарын қос қапталдан қыспаққа алғанымен, шабуылдарын нәтижелі түйіндей алар емес. Алайда, стандартты доп жемісін берді. 30-минутта Эшли Янгтың бұрыштамадан көтерген добына Гарри Магуаэр бірінші жетіп, баспен ұрды. Есеп - 0:1! Гол соғып алған Англия көбіне қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылдарға иек артуда. Сондай сәттердің бірінде Рахим Стерлинг қақпашымен бетпе-бет шығып, айласын асыра алмады.

Екінші тайм басында швециялық Маркус Берг есепті теңестіретін мүмкіндікті мүлт жіберді. Оның баспен ұрған соққысына қақпашы Джордан Пикфорд  тосқауыл тұрды. 59-минутта ағылшындар тағы бір гол соқты. Бұл жолы Джейси Лингардтың айналдыра берген пасына Делле Алли үлгіріп, қақпа торын «бүлк» еткізді. Іле-шала ұйымдастырылған қарымта шабуылды Тойвонен-Берг-Классон үштігі сәтті аяқтай алмады.Соңғысының тепкен добы қақпашының қолынан табылды.

Кездесу соңына таман Швеция аяқ-допшылары есеп айырмасын қысқартуға қанша тырысқандарымен нәтиже шықпады.

Осылайша, Англия құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.

Айта кетейік, қос команда мына құраммен алаңға шыққан болатын:

Швеция: Ольсен, Линделёф, Гранквист, Аугустинсон, Крафт, Ларссон, Экдаль, Классон, Форсберг, Берг, Тойвонен.

Англия: Пикфорд, Уолкер, Стоунс, Магуаэр, Триппьер, Янг, Лингард, Хендерсон, Алли, Стерлинг, Кейн.

Соңғы жаңалықтар