ӘЧ-2018: Англия құрамасы Панаманы жеңе ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 24 маусымда футболдан әлем біріншілігі топтық кезеңіндегі G тобындағы екінші ойын өтеді. Бұл кездесуде Англия мен Панама құрамалары өзара шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Англия үшін Панама қиын қарсылас бола қоймас. Екі құрама ешқашан бір-бірімен кездесіп көрген емес. Панама әлемдік додаға алғаш рет қатысып отыр. Әлеуеті қандай екенін олардың Бельгиямен кездесуінде бағамдаған секілдіміз. Мұхиттың арғы бетінен келген футболшылар өз қақпасы маңынан алысқа ұзай алған жоқ. Өз қақпасынан жауапсыз үш доп алып шықты. Ал Англия Тунисті әрең тізе бүктірді. Есеп 2:1. Сондықтан Панамамен ойында олар жанкүйерлер алдында өздерін жақсы қырынан танытуы тиіс.

Англия іріктеу кезеңінде тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ағылшындар 10 ойынның 8-де жеңіске жетіп, 2-де тең ойнады. Дегенмен гол соғу жөнінен мақтана алмайды. Барлық кездесуінде бар-жоғы 18 гол соқты. Топта Словакия, Словения, Шотландия секілді құрамалар сынға түскенін ескерсек, оған түсіністікпен қарауға әбден болар.

Дегенмен бұл шабуыл шебін нығайта түсудің қажеттігін аңғартады. Ал Панама іріктеу кезеңінде АҚШ пен Гондурас секілді құрамаларды артқа салды. АҚШ пен Гондурас іріктеу кезеңін өте сәтсіз өткізді. Панама Гондурас секілді 13 ұпай жинаған еді. Доп айырмасы тәуір болған панамалықтар Ресейге берілген жолдаманы қалтаға басты.

Ағылшындар ақтық сайыста ойын көрсете ме? Тұманды Альбион елінің жанкүйерлері солай деп сенім артып отыр. Англия футболының жарық жұлдызы Дэвид Бэкхем де дәл осы пікірді көлденең тартады.

«Менің ойымша, Аргентина мен Англия финалда кездеседі. Әрине, мен өз құрамама жанкүйер боламын», - дейді ол.

Алайда Аргентинаның жағдайы қазір қыл үстінде тұр. Месси және оның серіктері соңғы турда Нигериядан басым түспесе, еліне ертерек қайтуы да мүмкін. Сондықтан Бэкхемнің болжамы расқа шыға ма? Әзірге белгісіз. Құраманың бас бапкері Гарет Саутгейт өз шәкірттеріне зор сенім артатынын айтады. Алдағы ойын жайында пікірін білдірген бапкер «Әрине, әлем халқы Англия біріншілігін үзбей көреді. Біздің жігіттердің артық және кем тұстарын жақсы біледі. Біз Панама құрамасын жан-жақты зерттедік. Олар - өте қайсар құрама. Іріктеу кезеңінде АҚШ пен Гондурасты артқа қалдырды. Біз бұл қарсыласымызға зор құрмет көрсетеміз»,- деді.

Аталмыш ойын «Qazsport» арнасынан 18.00-де тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін Н тобындағы Жапония мен Сенегал («Qazaqstan». 21.00), Польша мен Колумбия («Qazaqstan». 00.00) құрамалары кездеседі. Осымен әлем біріншілігінің екінші тур ойындары түйінделеді.

Соңғы жаңалықтар