Абзал Сапарбекұлы: қазақтың рухани қазынасы жат жерде қағажу қалмауы керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шет елдердегі қазақтарды қолдау, олардың тарихи Отанымен рухани байланысын арттыру миссиясы «Отандастар қоры» КЕАҚ-ға жүктелгені белгілі. Ұйым тағдыр талайымен жырақта қалып, сонда өсіп-өнген қандастарымыздың ана тілін сақтауына жағдай жасап, олармен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-үйлестіру байланыстарын да қамтамасыз етеді. Қазақстанға келген ағайындарды қолдап, олардың ортаға бейімделуіне де көңіл бөледі. Осындай ұлт қауіпсіздігі мен ел мен жер болашағы үшін маңызды істің басында тұрған «Отандастар Қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

- Абзал Сапарбекұлы, әңгіме басында «Отандастар қорының» негізгі миссиясы туралы айтып өтсеңіз?

- «Отандастар қорын» құру туралы шешім 2017 жылы қабылданған. Оған негізгі себеп – шеттегі қазақтардың жылдан-жылға өзінің этникалық бірегейлігін жоғалтып, тарихи Отаны – Қазақстаннан алшақтай түсуі және осы тенденцияға қазақ қоғамы мен мемлекетіміздің алаңдауы негіз болды. Жалпы, «Отандастар қорының» негізгі миссиясы – әлем қазақтарын тарихи және этникалық Отаны – Қазақстан төңірегінде біріктіруді көздейтін мемлекеттік ұстанымға негізделген. Себебі, шетелдегі қазақтар – тұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі. Осы орайда, қоғам сыртқы істер министрлігінің тапсырысы аясында бірнеше бағыттар бойынша өз қызметін жүзеге асырып келеді. Олардың негізгілері: мәдени-гуманитарлық қолдау және этникалық бірегейлікті нығайту; шетелдегі қазақ жастарымен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту және еліміздің оқу орындарында білім алуына жағдай жасау; Қазақстанның имидждік тартымдылығын арттыру мақсатында шетелдегі отандастарды ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету; Отандастар мәселелері бойынша зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізу; Халықаралық ұйымдармен серіктестік байланыстар орнату.


- Осы миссиялар өткен жылы қалай жүзеге асты?

- Сұрағыңызға бір сөзбен жауап беру қиын, әрине. Әр елдегі жағдай әртүрлі. Бір жылдың ішінде шетелдегі қандастарымыздың барлық мәселелерін шешіп тастау мүмкін емес. Шетелдегі қазақтарды Қазақстан төңірегінде біріктіру – мемлекетіміздің стратегиялық ұзақмерзімді мақсаты. Бұл мақсатты іске асыруда шетелдегі қазақтардың ұлттық, мәдени-гуманитарлық, рухани, тілдік қажеттіліктері үшін түрлі жобаларды жүзеге асыруды аса маңызды деп санаймыз.

2022 жылы қоғам әлемнің 40-қа жуық елдерінде ұлттық мүдде үшін қызмет етіп жүрген 100-ге жуық басшылары және белсенділерімен кездесулер өтті. Қазақ ұйымдары мен қазақ диаспорасы тұрып жатқан елдеріндегі қандастар рөлі тақырыбында ғылыми конференциялар мен мерекелік концерттік шаралар жүзеге асты.

Түркияның Ыстанбұл қаласында Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығына орай түрік бауырларымызға ризашылық ретінде «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды, халықаралық конференция өтті. Түркияның Алания қаласында «Abaı úıi» мәдени-іскерлік үйінің өкілдігі ашылды. Осылайша, «Abaı úıi»-нің жалпы саны 7-ге жетті.

«Қоржын» жобасы шеңберінде 2022 жылы 17 елдің 43 ұлттық-мәдени орталығына ҚР Мемлекеттік туының 38 данасы, ұлттық киімдердің 67 жиынтығы және ұлттық саз аспабын меңгеруді үйрететін үйірмесі бар ұйымдарға 100-ге жуық домбыра табысталды.


Қоғамның қазақ тілін үйрету ағартушылық жобалары жалғасты. 4 тілде жүргізілген «Онлайн қазақ тілі курсы» және әлемнің 8 елінің 10 қаласындағы «Офлайн қазақ тілі курсы» арқылы 1 мыңнан астам қандас қазақ тілін тегін үйренді. Шетелдегі этникалық қазақтарға жаңалық тарату, елге көшіп келген қандастарға пайдалы ақпарат ұсыну жолында ақпараттық жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, «Қазақстан» телерадиокорпорациясымен бірлесе Түркиядағы қандастар көшінің 70 жылдығына орай «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмі түсірілді. «Jibek joly» телеарнасында «Қияндағы қандастар» атты жоба бірлесе жүзеге асырылды. «Қазақ радиосына» «Алыстағы ағайын» айдары қосылды. Өзіңіз қызмет атқаратын «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде «Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу» апта сайын жарық көреді, ал «Түркістан» газетінде «Атажұрт» айдары бар. «Халықаралық қазақ тілді БАҚ қауымдастығының» жұмысы кезең-кезеңімен жанданып келеді. (5 елде 28 БАҚ).

Осылайша, қазақ тілін үйрету, төл мәдениетіміз бен ата дәстүрімізді дәріптеу, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, жастарды Қазақстанға білім алуға тарту, бір сөзбен айтқанда олардың өн-бойында қазақы рухты асқақтату арқылы Қазақстанға деген қызығушылығын арттыру, атажұртқа деген сезімін ояту негізінде өз миссиямызды жүзеге асырып келеміз.

- Ендігі сұрақты төтеден қойғым келіп отыр. Сіздің ойыңызша, шетелдегі қазақтардың елге көшіп келуге ниеті қандай? Құлшыныс бәсеңсіп қалмады ма екен?

- Менің пайымымша, Қазақстанды атажұртым деп аңсап, атамекенге ағылатын қандастардың қарасы жылдан-жылға сирексіп келеді. Үдере көшіп, жаппай қоныс аударған ағайынның алғы легі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жылға тән болатын. Қазіргі кезеңде ресми ақпараттарға сәйкес шетелдерде 3,5 миллионға жуық этникалық қазақ тұрады. Кейбір тәуелсіз сарапшылардың пікірі мен бейресми деректерге сүйенсек, шетелде 6-7 миллион қазақ тұрады деген мәліметтер бар. Дегенмен, бұл ретте бір мәселеге назар аудару керек: шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі, атап айтқанда Өзбекстан, Ресей, Қытай еліндегілер, тарихи тұрғыдан алғанда өздерінің ата-бабаларының байырғы жерінде тұрып жатыр. Оның ішінде Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан елдерінен Қазақстанға көшуге ынталы қандастар баршылық. Көрші елде қалыптасқан жағдайға байланысты соңғы уақытта ресейлік қандастар тарапынан да қызығушылық арта түсті.


«Отандастар қоры» қоғамының тапсырысы негізінде 2019 жылы «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесіне сәйкес, Қазақстанға кемінде 1,5 млн этникалық қазақ тұрақты тұру үшін қоныс аударғысы келеді. Әрине, бұл сандық деректерді нақты және түпкілікті көрсеткіш деп қабылдауға болмайды және олар бір күнде немесе бір жылда көшіп келе қалады деуден де аулақпыз. Адам баласының үйреншікті жерінен басқа елге қоныс аударуы оңай емес. Жалпы, халықтың бұл мәселеге деген көзқарасы құбылмалы. Дегенмен, сауалнама нәтижелері репатриация әлеуетіне қатысты болжамды пікір қалыптастыруға шартты түрде негіз бола алады.

Қазақстан шетелдіктердің көзқарасымен Орталық Азиядағы ең тұрақты, бейбітшіл, орнықты демократиялық даму жолын таңдаған зайырлы ел ретінде қабылданады. Дамыған мықты экономикасы бар және өркениетті құндылықтарға негізделген кез келген қоғам – қолайлы өмір сүретін орта таңдаған адамға тартымдылығы бойынша қашан да басымдыққа ие болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформаларды сапалы түрде жүзеге асырып, Жаңа Қазақстан құру жолында аянбай еңбек ететін болсақ, Қазақстанның болашағы бүгінгіден де жарқын болары сөзсіз. Ендеше, алдағы уақытта қандастарымыздың, олардың ұрпағының Қазақстан деген атамекеніне қызығушылығы, жалпы ниеті де арта бермек.


- Әйтсе де, елдегі жағдайға келсек. Қандастарды атамекенге шақыру, азаматтық беру секілді жұмыстарға «Отандастар Қоры» қаншалықты атсалысып отыр?

-Әрбір адамның көшіп-қонуы оның табиғи құқығы екенін ескеруміз керек. Жалпы, шетелдегі қазақтармен және репатриация мәселелерімен айналысуға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Тәуелсiздiгi туралы 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы негіз болатыны бесенеден белгілі. Онда «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» деп, тайға таңба басқандай анық жазылған. Осыған орай, кез келген шетелдегі қазақ бауырларымыз өзінің этникалық тұрғыда қазақ екенін дәлелдей алса, Қазақстанның азаматтығын алуға құқылы.

Қазақстанға келу үшін виза рәсімдеуді қажет етпейтін елдерде (мәселен, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей) тұратын этникалық қазақтар өз еркімен атамекенге көшіп келіп, қандас куәлігі мен азаматтық алу үшін жергілікті атқарушы органға арызданады.

Ал, виза талап етілетін мемлекеттерде тұратын (Иран, Түрікменстан) қандастарымыз көшуге виза алу үшін сол елдегі ҚР елшілігіне немесе консулдығына өтініш беруі керек. Сондай-ақ, Қазақстанда тұратын жақын туыстарының шақыртуымен виза рәсімдеу арқылы да көшіп келуіне болады. Бұл жағдайда да қандас куәлігі мен азаматтық алуы үшін жергілікті атқарушы органға барады.

«Отандастар қоры» шетелдегі қазақтармен мәдени-іскерлік байланыстарды дамыту арқылы олардың Қазақстанға деген қызығушылықтарын арттыруда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырады. Сәйкесінше, тарихи Отанына оралуға ниет білдірген қандастарға тиісті ақпараттық және консультациялық көмектер көрсетіледі.


Бұл бағытта қоғам жанынан ашылған «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» тұрақты жұмыс істеп тұр. Орталықтың қызметіне өңірлердегі фронт-кеңселер, байланыс орталығы және бэк-кеңсе қызметі кіреді. Өткен жылы оларға ұзын саны 6 318 өтініш-сұрақ түскен. Оның ішінде 38,5%-ы (2 434 сұрақ) азаматтық алу, құжаттандыру мәселелері бойынша хабарласқан. Оларға заңға сәйкес ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізілді. Өтініштеріне сәйкес жауапты органдарға тиісті ұсынымдар жолданып, мәселелері оң шешімін тапты.

- Абзал Сапарбекұлы, сіз ұзақ жылдар дипломатия саласында, шетелдерде қызмет атқардыңыз. Елге көшемін деген қазақтардың мәселесін сол елдің СІМ-імен бірлесе қарап, құжат жұмыстарын тезірек, оңтайлы жолмен бітіруге мүмкіндік бар ма?

-Жалпы, шетелден Қазақстанға көшетін этникалық қазақтардан өздері тұрған елден көп құжат әкелу талап етілмейді. Қоныстанушылар тұрғылықты елінен тек бір ғана құжат – сотталмағаны жөнінде анықтама алуы тиіс. Аталған анықтама Қытай Халық Республикасынан көшіп келген қандастардан талап етілмейді. Жоғарыда атап өткенімдей, атамекенге оралуы үшін виза рәсімдеуді қажет етпейтін елдерден келетін қандастарымыз шетелдегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарының қызметіне жүгінбестен, тікелей көшіп келе береді.

Ал, виза талап етілетін мемлекеттерде тұратын (Иран, Түрікменстан) қандастарымыз көшуге виза алу үшін сол елдегі Қазақстан елшілігіне немесе консулдығына өздері өтініш жазады. Сондай-ақ, Қазақстанда тұратын жақын туыстарының шақыртуымен виза рәсімдеген соң да қоныс аудара алады.

Сонымен қатар, өткен жылы жаңадан бекітілген «ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Қазақстан Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлеріне көшуге ниет білдірген этникалық қазақтар «Бір терезе» қағидаты бойынша шетелдегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтары арқылы қандас куәлігін алуға және өңірлік квотаға енуге алдын ала құжаттарын рәсімдей алады. Демек, елге көшемін деген этникалық қазақтар тұрып жатқан елінен ешқайда бармай-ақ, Қазақстанға бару/келу сияқты қосымша шығындары мен уақыттарын үнемдей отырып, тиісті құжаттарын рәсімдеуіне мүмкіндік бар.

- Қазіргі күні елге енді көшіп келетін қандастарға қандай қолдаулар көрсетіледі?

-Шетелден атамекенге қоныс аударушы этникалық қазақтардың Қазақстан Үкіметі белгілеген Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстанған жағдайда, өңірлік квота аясында мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндігі бар.

Қандастарға квота аясында отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241 500 тг) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды жабу үшін бір отбасына 12 ай ішінде ай сайын 15-30 АЕК (5 1750 - 103 500 тг) мөлшерінде өтемақы төленеді (1 АЕК – 3 450 тг).

Сондай-ақ, «ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында» Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған, тұрақты жұмысы бар қоныс аударушыларға сатып алатын тұрғын үй құнының 50%-ы мөлшерінде қаржылай көмек ретінде экономикалық ұтқырлық сертификатын беру қарастырылған. Аталған қаражат құрылысқа, тұрғын үй сатып алуға немесе «Отбасы банк» АҚ-ға бастапқы жарнаны төлеуге бағытталуы мүмкін. Бұл бойынша ресми заңнамалық құжаттар қабылданған кезде, қандастарды міндетті түрде хабардар етеміз.

Сондай-ақ, әр облыстың жергілікті атқарушы органдары, яғни жергілікті әкімдіктер қоныс аударушыларға бұдан басқа да қосымша көмектер көрсетемін десе, оған да мүмкіндігі бар.

Жалпы, бұл қолдау тек шетелден келген қандастарға ғана емес, еліміздің басқа аймақтарынан аталған өңірлерге көшіп барамын деуші Қазақстан азаматтарына да арналған.

- Жаңа көшіп келген қандастардың құжат алу, тіркелу мәселелері қалай шешіліп жатыр? Бұрынғыдай жеңілдіктер бар ма?

- Бұрынғы заңнама талаптарына сәйкес қандастардың Қазақстан азаматтығын алуға берген өтініші 6 ай мерзімде қаралатын. Бұл – қоныстанушылар үшін өте ұзақ уақыт. Сонымен қатар, олар азаматтық алмастан бұрын ыхтиярхатты рәсімдеуге де міндетті еді. Ол үшін бөлек құжаттар жинауға, оны заңдастыруға алтын уақытын және біршама қаражатын шығындауға мәжбүр болатын.

Осыған байланысты кейінгі жылдары елімізге қоныс аударушы этникалық қазақтарды құжаттандыруды жеңілдетуге бағытталған біршама шара қабылданды. Бұл қоныстанушылардың қазақстандық қоғамға тез бейімделуде уақытын және қаражатын үнемдеуіне оң әсер етіп жатыр.

Қазіргі таңда атамекенге қоныс аударған этникалық қазақтар «Қандас» мәртебесін алғаннан кейін тұрақты тіркеуге тұрып, ҚР азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуына мүмкіндігі бар. Енді жаңа талапқа сәйкес Қазақстанда тұрақтап қалатын қандастарымыз ыхтиярхат рәсімдеуге міндетті емес. ҚР Үкіметі тарапынан қабылданған шаралар нәтижесінде қандастардың ҚР азаматтығын алу үшін жинайтын құжаттарының саны 2 есеге және оны қарау мерзімі 6 айдан 3 айға қысқартылды.

Жалпы, шетелдегі қазақтар өзін толғандыратын кез келген мәселе бойынша «Отандастар қорының» байланыс нөмірлеріне хабарласып, толыққанды ақпарат ала алады:

- 1404 (барлық қазақстандық оператордың қоңырауы тегін қабылданады);

- 8 800 080 14 04 (Қазақстан бойынша қалалық нөмірлерден қоңырау тегін);

- +7 7172 98 14 04 (Қазақстан бойынша қалалық нөмірлерден қоңырау тегін қабылданады, шет елдерден сол елдің байланыс операторының төлем мөлшерлемесі бойынша);

- +7 701 000 14 04 (WhatsApp және Telegram хабарламалары үшін);

- е-mail: [email protected]

- facebook.com: OtandastarQory, instagram: otandastar_qory.

- Шетелдегі қандастар арасында, әсіресе Қытайдағы қазақтар арасында жарық көрген, төте жазумен шыққан қаншама құнды дүние қалып барады. Соны елге жеткізудің қандай жолы бар деп ойлайсыз?

- Расында да, шетелде төте жазумен жарық көрген жазбаларды қазақтың рухани қазынасына қосу – күрмеуі көп күрделі мәселенің бірі. Қытайдағы қазақтар қалың шоғырланған өңірлерде тұратын қандас қаламгерлердің төте жазумен шыққан ең құнды еңбектерін кирилл қарпімен қайта шығаруды әуел баста Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қолға алып, «Атажұрт» баспасы арқылы жыл сайын 2-3 кітап жарық көрген екен. Өкінішке қарай, 2017 жылдан бері бұл үрдіс үзіліп қалыпты. Дегенмен, жақсы бастаманы жанашыр азаматтар мен атажұртқа оралған қандас кәсіпкерлердің, қоғамдық қорлардың қолдауымен бірқатар құнды дүние оқырманға жол тартты. Атап айтсақ, Қытай мен Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған қаламгер Ақыт Үлімжіұлының 2 томдық еңбегі, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажықұмар Шабданұлы сынды сыралғы ақын, жазушылар мен фольклор зерттеушісі Асқар Татанайұлының кітаптары таспаға басылып, тарихи орнын тапты.

Осы орайда, «Отандастар қоры» атқарған ілкімді істерді де атап айтқан жөн. 2020 жылы ел ордасы Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан «Отандастар» оқу залы ашылып, шетелдегі қазақтардың тарихи, әдеби, этнографиялық кітаптарының қорын қалыптастыру және отандық баспа басылымдары мен қазақ диаспорасы туралы шетел әдебиетін, қандас қаламгерлердің шығармаларын жинақтау қолға алынған. Күні бүгінге дейін жинақталған әдебиеттер «Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының» техникалық платформасында цифрлы форматқа көшіріліп жатыр. Бұл әлемнің кез келген жерінде жүріп-ақ отандастарымыздың осы кітаптарды оқуына мүмкіндік береді. Жалпы, қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтары мен әдеби дәстүрлерін сақтау, ұлттық электронды кітапхана жүйесін ілгерілету және этникалық қазақ жазушыларының кітаптарын басып шығару мақсатында «Отандастар қоры» таяуда «Ұлы Дала» айдарымен халықаралық байқау өткізгелі отыр. Оған шетелдегі этникалық қазақ қаламгерлері мен тарихшылары өзінің шығармаларын жолдай алады. Міне, сіз сұрап отырған шеттегі төте жазумен шыққан құнды еңбектерді елге жеткізудің оңтайлы бір жолы осы жоба болғалы тұр. «Сабақты ине сәтімен» демекші, редакциялық құрам мен қазылар алқасы елеп-екшеген ең үздік туындылар өз алдына жеке жинақ ретінде жарыққа шығарылады. Оның қаржылық шығынын біздің қор көтереді. Бұл бағытта шетелде тұратын қаламгер қандастардың елеулі еңбектерін басып шығару бойынша әріптестік, ынтымақтастық әрекет әлде де жалғаса бермек. Өйткені, қазақтың рухани қазынасы жат жерде қағажу қалмауы керек! Осы мақсатта құнды рухани дүниелермен қазақтың рухани мұрасын байыту – баршаға ортақ парыз деп санаймыз.

- Жақында «Ата жолы» жобасы қолға алынғанын естіген едік. Тың жобаның мақсаты қандай? Бірегей карта жасалды ма? Оның қандай ерекшелігі бар?

-Өткен жылдың соңында қабылданған «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» алдағы уақытта осы салада атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын айқындап берді. Оның ішінде жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін «Ата жолы» картасы енгізілгені мәлім.

Қазіргі таңда «Ата жолы» картасын қолданысқа енгізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылдап жатыр.

«Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтар саяси құқықтарды қоспағанда, 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады. Карта иесі бизнесін тіркеп, мүлікке, оның ішінде тұрғын үйге иелік ете алады, қаржылық операциялар жүргізуіне болады, сондай-ақ тұруға рұқсат беріледі. Сонымен қатар, «Ата жолы» картасы иегерлері және бизнесте табысқа жеткен, қоғамдастықты қолдайтын қандастар тарихи Отанын дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауға ұсынылады. Бұл шара меценаттықты ынталандырады және оны отандық бизнес-ортаға интеграциялауды күшейтеді.

Жалпы, келешекте карта иегерлерінің ауқымы кеңейіп, саны да, сапасы да арта түседі деген сенімдеміз.

- Сүбелі сұхбат, толыққанды ақпарат бергеніңіз үшін көптен көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар