Абылайдың ақ үйінде ханның үзеңгілесі - Тышқан батырдың найзасының ұшы сақталған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы Абылайхан резиденциясында ержүрек Тышқан батырдың найзасының ұшы сақталған. Оны мұражайға батырдың ұрпағы әкеліп тапсырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 ғасырда өмір сүрген Тышқан батырдың шын аты - Қазыбек Пәрменбекұлы. Халық аузында ол туралы аңыз әңгімелер көп. Соның бірі атына байланысты.

«Батыр бойы тапал, қараторы кісі болған. Әрі бір орында байыз тауып отырмайды екен. Содан жеңгелері еркелетіп «тышқан» атап кеткен ғой. Кейін өз есімі ұмыт болып, тарихта Тышқан батыр болып аты қалды», - дейді ұрпағы Ғабит Бекжанов.

Абылайханның үзеңгілесі - Тышқан батыр елді жоңғарлардан қорғаған екен. Ол жайында халық арасында ауызекі көп айтылғанымен, ешкім зерттеп, зерделемеген. Есімі ұмыт болмау үшін одан қалған ұрпақ - Ғабит, Нұрлан Бекжановтар көздерінің қарашығындай сақтап келген атамұра - батырдың найзасының ұшын «Абылай хан резиденциясы» музей-кешеніне сыйға тартты.

«Жәдігер 1920-30 жылдары менің Бекжан атамның үйінде есіктің үстінде сабымен ілініп тұрады екен. Ол кезде қасқыр көп. Атам жол жүргенде өзімен алып жүрген. Кейін халық ақыны Ахметжан Нұртазин сол найзаны қалап, сұрап алады. Одан ол жәдігер аңшы, сал-сері Қошан Жантілеуов деген азаматта болады. Қайтыс боларында ол кісі әйеліне «осы найзаны менің мойыныма қарыз қылмай Тышқан батырдың ұрпағына бер» деп аманаттап кетіпті. 1995 жылдары атадан қалған мұра біздің қолымызға тиді», - дейді Нұрлан Бекжанов.

«Абылай ханның резиденциясы» музей-кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекованың айтуынша, найзаның ұшы - 24,2, болат сүңгінің диаметрі - 3 см шамасында. Бұл найза жақыннан, бетпе-бет айқаста түйреу үшін қолданылатын қару түріне жатады.

Батырдан қалған мұра, құнды жәдігер бүгінде мұражай экспозициясының «Тақ залында» тұр.

Соңғы жаңалықтар