Абылай Мырзахметовтің қандай қылмысқа қатысты ұсталғаны жарияланды

None
Фото: almaty.atameken.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Антикоррупциялық қызмет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовті қандай қылмысқа қатысты ұсталғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше кешкісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов Абылай Мырзахметовтің ұсталғаны туралы ақпаратты растаған болатын.

Ал бүгін Антикор күдіктінің қандай себеппен ұсталғанын ресми түрде жария етті.

«10 мамырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов ұсталды. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінді. Күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Айта кетерлігі, кеше БАҚ бетінде Абылай Мырзахметовтің 13,3 млрд теңгеге пара-пар болатын 30 млн доллар пара алғаны үшін тұтқынға алынғаны жайлы ақпарат тарады.

Абылай Мырзахметовтің соңғы атқарған қызметі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы. Ол бұл лауазымда 2017 жылдан бері болды. Есте болса, 2022 жылдың 31 қаңтарында Абылай Мырзахметов ротация арқылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамынан шығарылған еді.

Айтпақшы, Абылай Мырзахметовтің палата басқармасының төрағасы лауазымына тағайындалуы да қоғам тарапынан біраз сынға іліккен еді. Бұл жайт 2002 жылы мемлекет мүлкін ұрлауды ұйымдастырғаны үшін сотты болуымен байланысты. Сол кезде Көлік және коммуникация министрі болып тұрған Мырзахметов қылмыстық істі тергеу кезеңінде лауазымынан шеттетіліп, бірнеше айдан кейін тұтқынға алынған болатын. Ал 5 айдан кейін сот үкімімен мүлкін тәркілеу арқылы 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Бірақ, Абылай Мырзахметовтің басы дауға қалған жалғыз ғана қылмыстық іс емес. Мәселен, олардың бірі Tengri Bank-ке қарызбен байланысты. 2021 жылы Tengri Bank сотқа Мырзахметов Абылай Исабекұлына және 1 млрд теңгеден астам сомадағы берешекті өндіріп алу және кепіл мүлкін өндіріп алу туралы істің тағы бір қатысушысына қатысты талап арызбен жүгінді. Сол жылы сот Абылай Мырзахметов пен тағы бір қатысушының жылжитын және жылжымайтын мүлкін бұғаттады. Ал 2022 жылдың 1 сәуірінде Есіл аудандық соты күдіктілерден банк пайдасына 881 556 916 теңге қарызды өндіру туралы шешім шығарды.

Абылай Мырзахметов жайлы тағы не білеміз ?

Абылай Мырзахметов 1969 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Үйленген, ұлы мен қызы бар. Жамбыл облысының әкімі болған Асқар Мырзахметовтің туған інісі. Асқар Мырзахметов елімізге есімі танымал саяси тұлғалардың бірі. Ол 1997-2006 жылдары Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болған. 2006-2007 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі қызметін атқарған. 2018 жылдың 10 қаңтарында Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімің болып тағайындалды. Бірақ, 2020 жылдың ақпанындағы «Қордай оқиғасынан» кейін қызметінен кетті.

Абылай Мырзахметовтің әпкесі Шолпан Мырзахметова да лауазымды қызмет атқарады. Қазіргі уақытта ол 2009 жылдан бері Шымкент қалалық диагностикалық орталығының бас дәрігері.

Ал Абылай Мырзахметовтің өмірбаянына көз жүгіртсек, ол М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Алтын алма» консерні» АҚ-ның қаржы директоры болып бастаған. 1994-1995 жылдары «Политэк» жабық үлгідегі АҚ-тың бас директоры қызметін атқарған. 1995-1997 жылдары – «Айсель-Қазақстан» ЖАҚ бас директоры. 1997-2001 жылдары – «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының орынбасары, президенті.

2001 жылдың қарашасында Президент Жарлығымен Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалған. Алайда, 2002 жылдың наурызында қылмыстық істі тергеу кезеңінде лауазымынан шеттелген. Сол жылдың маусым айында Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті оны тұтқынға алған. 2003 жылдың мамырында мемлекет мүлкін ұрлауды ұйымдастырды деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан шартты түрде айырылып, мүлкі тәркіленген.

2002-2004 жылдары – «DALA GROUP» ЖАҚ бас директорының кеңесшісі. 2003-2004 жылдары – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің аспиранты. 2005 жылдың наурызынан Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы одағының төрағасы, Сауда-өнеркәсіп палатасы одағы ЗТБ президенті қызметін атқарған.

2007-2013 жылдары «Атамекен» одағы Қазақстанның Ұлттық экономикалық басқармасының мүшесі болған. 2013 жылдан отставкаға кеткенге дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасын басқарған.

Forbes 2021 жылы Мырзахметовті Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына қосқан. Ол – «Фараб» комбинаты» ЖШС иелерінің бірі және Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі мен Ашалы алтын кен орындарын игеретін «Altyn Dala Mining» ЖШС-нің меншік иесі.

Соңғы жаңалықтар