Абылай Мырзахметов: Жанармай арзандады, демек әуе билеті қымбаттамауы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда әуе қатынасы қалпына келуіне байланысты әуежайлар мен әуе компаниялары қандай шарттарды ескеруі тиіс? Бұл мәселеге қатысты «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелде қалып кеткен азаматтарымызды алып келу немесе шетелдік мамандарды елдеріне қайтаруға қатысты кейбір чартерлік рейстердің орындалғаны болмаса елдегі әуе компаниялары осыған дейін амалсыз тоқтап тұрды. Әрине жұмысы тоқтағаннан кейін олар табыстан қағылды. Мойындарында несиелері, ұжымына беруі тиіс айлығы сияқты шығындары бар. Жалпы әлемдік жағдайға қарасақ, бірінші қатты қиындықты көріп жатқан бизнес салаларының алдыңғы легінде – әуежай мен туризм, артынша қызмет көрсету саласы тұр. Сондықтан әуежайларға көмектесу керек», - деді Абылай Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Facebook парақшасында онлайн режимде сөйлеген сөзінде.

Палата басшысы әйтсе де жолаушыларды тасымалдағанда әуежай әкімшілігі адамдардың арасындағы әлеуметтік қашықтық ережесін сақтауы керектігін еске салды.

«Осы ережелерді ескерсек, бір ұшаққа жолаушыларды толыққанды алып кіру қиын болады. Яғни олар шамамен 30-40 пайыз деңгейінде жолаушылардың санын қысқартуы керек. Оның қалай болатыны бойынша санитарлық дәрігерлермен, сарапшылармен ақылдасқан абзал. Әуе компаниялары осы ережелерді сақтай отырып, ұшқан кезде шығындарын өте ала ма, жоқ па – есептелуі тиіс. Екіншіден әуе компанияларының негізгі шығындары жанармаймен байланысты. Мұнай арзандағаннан кейін жанармайдың бағасы төмендеді. Мұны да ескеріп, билеттің бағасын өсірмеу керек. Яғни шығын тұтынушылардың мойнына ілінбеуі тиіс», - деді ол.

Еске сала кетсек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде айтқан болатын. Сонымен қатар Үкімет 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашатын болды.


Соңғы жаңалықтар