Абылай ханның суреті бізге қалай жетті?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағылшын саяхатшысы Яган Кассель 1735 жылы сызған Әбілқайыр хан мен оның ұлы Ералының суреттері бізге аман-есен жетті, деп жазады «Айқын» республикалық газеті бүгінгі санындағы «»Абылай ханның суреті бізге қалай жетті?» деген мақаласында.

Ал Абылай ханның тірі кезінде суретін сызғандар болған-болмағанын, бізге жетпегендіктен, білмейміз. Ал осы уақытқа дейін кең тараған Абылай хан суреті 1943 жылы Германияда пайда болғанын және оны кәсіби маманданбаған суретші әрі ақын-жазушы Мәжит Айтбаев салғанын білеміз бе?

Мәжит Айтбаев Абылай ханның суретін аңыз-әңгімелер негізінде қиял-болжаммен салған. Әрине, Шоқан Уәлихановтың портретін де негізге алған. Сөйтіп, бұл суретті 1943 жылы «Милла Түркістан» газетінде жариялайды. Сәбит Мұқанов Шоқан жайында жазған «Аққан жұлдыз» романында дүниеге шыр етіп келген Шоқанды көрген ақсақалдар «арғы атасы Абылайдан аумаған екен депті» деген сөз-сөйлемді келтіреді. Расында да, ел ау­зындағы әңгімелерге қарағанда Шоқанның кескіні ұлы атасы Абылай ханға аумай тартқан екен. Абылай ханның суретін тұңғыш сызған және қазір кең қолданыста жүрген сол суретінің авторы Мәжит Айтбаев кім еді? Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт) 1914 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ педагогикалық институтында белгілі жазушы, батыр Мәлік Ғабдулинмен бірге оқыған. 1937 - 39-жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы, студенттер даярлау курсының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі қызметтерін атқарған. Өлең, әңгімелері мерзімдік баспасөздерде, жинақтарда жарияланып тұрған. Көркем аудармамен айналысқан. 1939 жылы Айтбаев әскерге алынып, батыс шекарада қызмет атқарады. 1941 жылы тұтқынға түседі. «Түркістан ұлттық бірлік комитетіне» мүше болып, «Жаңа Түркістан», «Милла Түркістан» газеттерін шығарысады, «Милли әдебиет» альманахының бас редакторы болады. Мәжит Айтбаев Мағжан Жұмабаевты ұстаз тұтқан керемет ақын болған. Соғыс уақытында ол Абылай ханның суретін салып қана қоймай, «Хан Абылай» деген романтикалық тыныстағы поэма жазған. Бұл дастан 1943 жылы Берлинде басылып шығады. Шығармаларын «Қобызшы Қорқыт» деген бүркеншік атпен жазған ақын 1945 жылы Дрезденде бомба жа­рықшағынан қайтыс болған. Ал «Хан Абылай» дастаны 1971 жылы Мюньхенде Хасан Оралтайдың алғы сөзімен қайта басылып шығады. Мәжит Айтбаев сызған Абылай хан суретінің көшірмесі 1963 жылы Нью- Йорктен Алматыға ретін тауып жеткізіледі. Сөйтіп, 1972 жылы алғаш рет Қазақ эн­циклопедиясының 1-томында жария­ланады. 1993 жылы алғаш төл теңгеміз шыққанда, жүздік купюраның бетінде айшықталған Абылай ханның суреті осы энциклопедиядан алынған. Абылай хан суретінің көшірмесі соғыс біткеннен кейін атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтің де қолына тиген көрінеді. Саясаттан әбден аузы күйген сақ Ғабең Абылай ханның суретін 1946 жылы Қасым Қайсеновке береді: «Қарағым, Қасым, сен жассың, батырсың! Саған мен сенемін. Менде Абылай ханның суреті бар. Оны 1775 - 1780 жылдары Омбыға келген неміс пе, голланд па, суретші Абылай ханның ауылына әдейілеп іздеп келіп, қолдан салған екен. Сол сурет маған жетті. Абылайдың аты аталып, қазақ халқының адал ұлы, теңдесі жоқ хан болғандығы түбінде жарыққа шығады деп сенемін. Халық өз батырына, азаттыққа ие болуға бірден-бір әсер еткен ханына баға береді. Сен бұл суретті сақта. Біраз жылдардан кейін өкімет басына халқының ардақты ұлын жарыққа шығаруға тілектес адамдар келеді. Мен сенемін. Сен сол азаматтар арқылы хан атаңды жарыққа шығар» дейді. Қасым Қайсенов бұл суреттi 70-ші жыл­дарға дейін ешкімге көр­­сетпей келіпті. Ал Мәжит Айтбаевтың өлеңдерін елге алғаш алып келуші - белгілі қаламгер, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов. 1991 жылдың көктемінде, Президент Аппаратында жүргенінде Түркияға жолы түскен ол сол жолы Анкарада Ұядын Ақай деген ақсақалдың үйінен Қобызшы Қорқыт деген лақап есіммен, латын әріптерімен басылған «Абылай хан» деген кітапты көріп, қиыла сұрап, қайтарда ксерокстен өткерілген көшірмесін алып қайтады. Еларалық «Шалқар» газетінің бас редакторы Уақап Қыдырханов «Абылай хан» жинағындағы дастанды, өлеңдерді жарты жыл бойы «Шалқар» газетіне басады. Ақыры Қобызшы Қорқыттың соғыстың алдында біраз өлеңдерімен танылған ақын Мәжит Айтбаев екені анықталады. Тарихи тұлға Мәжит Айтбаев есімінің тәуел­сіздіктен кейін елге танылуына, оның отыз шақты өлеңінің жариялануына онымен тұтқында бірге болып, бір үзім қара нанды бөліп жеген, соғыс кезінде шығармаларын «Сайран» деген бүркеншік есіммен жазып тұрған белгілі ақын Хамза Абдуллин және Амантай Кәкенов, Уақап Қыдырханұлы көп еңбек сіңіреді. Сүйегі неміс жерінде қалған шерлі ақын, туған Түркістанына жете алмай күңіреніп өткен Мәжит Айтбаевтың суретшілік қырын оның артында қалған баласы жалғастырды. Ол - елімізге белгілі кескіндемеші, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері Са­лахитдин Әбдісадықұлы Айтбаев. Ол 1938 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келіп, 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. 1990 жылдардың басында Түркістанда­ғы Абылай хан жерленген деген орын ашылып, одан алынған бас сүйекке М.Герасимовтың әлемге белгілі лабора­то­риясында ан­тропологиялық реконс­трук­ция жасалып, Абылай ханның шын кескіні жария болды. Бірақ хан мүрдесіне жасалған соңғы антролологиялық зерттеулерді елдің көбі онша қабылдай қоймады. Сондықтан ол сурет қолданысқа түспеді. Одан кейін де небір атақты суретшілер Абылай ханды әр қырынан бейнеледі. Олардың барлығы да маманданбаған суретші Мәжит Айтбаевтың соғыс кезінде салған «суретін» басшылыққа алған.

Соңғы жаңалықтар