Абылай хан батасын алмай жорыққа аттанбаған Жалаңаш баба туралы не білеміз?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаугершілік заманда қазақта небір жүрек жұтқан мықты батырлар болған. Олардың көзсіз ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып таралып, әлі күнге айтылып келеді. Осы баһадүрлердің сансыз жеңістерінің сыры әуелі сарбаздар мен қолбасшылардың соғыс тәсілін дұрыс таңдауында, ерлікпен шайқасуында болса, екінші жағынан ұрыс өтетін жерді, ұрыстың басталу уақытын көрегендікпен дәл болжай білген әулиелердің ақыл-кеңесінде жатыр. Қазақ хандығы дәуірінде, хан Абылайдың тұсында өмір сүрген осындай бабаларымыздың бірі - Жалаңаш баба есімді әулие болған.

Жалаңаш баба туралы алғашқы деректердің бірін қалдырған қазақтың қарымды қаламгері, ақын - Сұлтанмахмұт Торайғыров еді. Ол «Қазақ» газетінің 1916 жылғы санында («Қазақ» газеті кітабында №166-211 сандар топтамасында деп көрсетілген) жарық көрген «Жалаңаш баба» атты мақаласында қазақ-қырғыз арасында болған қанды шайқас туралы баяндайды. Бұл тұста екі елдің бір-біріне жаулығы асқынып тұрса керек. Қазақтың қолбасы батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шанышқылы Бердіқожа, Тума Шынқожа, Көкжал Барақ сынды азамат-ердің асылдары екен.

Бір жолы Көкжал Барақ пен Тума Шынқожа екеуі мың әскермен барып, Алатаудағы қырғызды шабады: құл алып, күң алып, мол олжамен қайтады. Бірақ осы кезде қырғыз әскері де Ақсу, Шымкент маңайындағы қоңыратты шабуға дайындалып жатса керек. Олар Алатауды қазақ әскері шапты дегенді естіп, артынан қуады. Ақыры, Шу өзені бойында қуып жетіп, қазақ әскерін түгел қырып, басын алыпты. Қолбасы Барақ пен Шынқожа да жау қолынан қаза табады. Сонда қырғыздың Нәдір бала мен Садыр бала деген батыры: «Көкжарлы Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым» деп мақтанысыпты. Қазақ әскерін талқан қылғанымен қоймай, қырғыздар Ақсу, Шымкенттегі қоңыраттарды да шауып, еліне қайтыпты. Кетерінде Шу өзені жағасына бір бас, бір шымнан қалап, мұнара тұрғызыпты.

Бұл хабар Абылайға жеткен соң хан хаһарына мініп, қырғыздан өш алуға аттанбақ болады. Осы кезде Абылайдың үш әулиесінің бірі Жалаңаш баба екен. Оны жұрт Жалаңаш әулие деп те атаған. Оның «жалаңаш» атануы бекер емес. Науқасты емдейтін кезде тәуіп алдымен өзі тазарып, кейін кеудесіндегі киімін шешіп тастап жұмысын бастайды екен. Ол көріпкел ретінде де Абылайға қызмет еткен екен. Атап айтар болсақ, жоңғармен жаугершілік жылдарында алдағы күнді болжап, жауға шабар сәтті күнді дәл белгілей білген деген деректер бар. Абылай хан әр ұрысқа осы әулиенің батасын алмай аттанбайды екен. Бұл жолы да жорыққа шығар алдында хан батагөй дананы іздетеді. Бірақ ол қашып кеткен болып шығады. Ақыры ол Ертіс өзенінің жағасында жалғыз ағаш түбінде отырған жерінен табылады. Оның қашып кетуінің сыры неде екенін сұрағанда: «Кәпірге атар жалғыз оғым бар еді, мұсылманға атпайын деп едім» деп жауап беріпті. Оның бұл сөзін естіген Абылай: «Мұсылман мұсылманның етін итке жегізіп, басынан келле мұнара тұрғызып, осынша қорлай ма екен? Жүрмесең Құдай алдында достық хақымды кешпеймін», - деп, оны жорыққа бірге баруға көндіріпті. Осылай «сүмбіле туып сұмпиып, ат семіріп күмпиген» шақта (тамыз айы - ред.) Алатаудың басындағы жайлауынан қырғыздардың түсіп келе жатқан сәтін аңдып, Абылай бастаған үш жүздің басты батырларының қолы манағы мұнараның басына келіп тоқтапты. Абылай адам басынан тұрғызылған мұнараны көріп, қайғыдан көкірегі қарс айырылып, мойнына кісесін салып, аза тұтыпты. Астындағы боз жорғасын күн батысқа қаратып бауыздатып, етін таратыпты.

Хан Шудың бойына түскен ел болса біліп қайт деп жіберген елу кісі шолғыншылары бір тайпа елді шауып, біраз адамды қолға түсіріп әкеледі. Абылай соның ішінен екеуін сол кездегі Қырғыздың төресі Әтекеге жіберіп, оларға мына сөзді айтуды тапсырады: «Оның бір жылғы төлін мен алдым, менің бір жылғы төлімді ол алды. Құмар тарқап, кек бітетін болмады. Үш күнге шейін осы Келді мұраның (Келле мұнара - ред.) түбінде тосамын, келіп не менің қаныма біржола ол тойып кетсін, не оның қанына мен тойып кетейін».

Үшінші күн дегенде Нәдір бала, Садыр бала батырлары бастаған Әтеке төренің қолы келіп жетеді. Келе оқ жаудырып, Абылайдың әскерін шатырларға қуып тығады. Осы кезде хан Жалаңаш бабабан ақыл сұрайды. Жалаңаш әулие: «Сәске көтерілгенше ол атса да сен атпа. Ол шапса да сен шаппа. Сенің оғың оларға сәске көтерілген соң дариды. Осы күнгі сағат оларға ауып тұр. Қырылғаның қырыл да, қалғаның орыныңда тұра бер», - дейді. Абылай межелі уақытқа дейін амалдап, тыныстай тұру үшін Қоралас ұлы Ер Жауғаш есімді жігітті елшілікке жібереді. Қырғыздар жағы Абылайдың «Елдесейік, Шу, Таласты бір жайлайық» деген сөзіне көнбейді, бітімге келмейді. Бірақ, Қоралас ұлы Ер Жауғаш кеткен соң қырғыз төресі Әтеке: «бітімге келсек келейік, сүйенген пірі күшті екен» десе де, батыр Нәдір бала болмапты. Оған Әтеке өкпелеп, екі мың әскерімен бөлініп, еліне қайтып кетіпті.

Осы кезде сәске де болыпты. Жалаңаш баба бір уыс топырақты жауға қарай шашып жіберіп, «ал енді шабыңдар» депті. Ақыры бұл шайқаста қырғыз әскері ойсырай жеңіліп, қырғынға ұшырапты.

Ескерте кететін бір жайт, профессор Темірбек Қожакеев кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне шағын пікір жазып (17.04.1992), біз тарқатып отырған «Жалаңаш баба» мақаласындағы Қоралас ұлы Ер Жауғаш емес, Қырбасұлы Ер Жауғаш екенін, оның Қоралас руынан шыққанын айтыпты.

Деректерге сүйенсек, біз сөз етіп отырған Жалаңаш әулиенің азан шақырып қойған аты - Қойлыбай. Сыр бойында дүниеге келген. Он үш жасынан бастап әулие атанған. Ұрыста жаралы болған Абылай ханның әскерлерін емдеп-жазатын болған. Өзі үш ағайынды болған, бірінші ағасы Түгел, екінші ағасы Күшмән батыр екен. Қобыз тартып, халық емшісі болған кісілерге ақылын айтып, ұғындырып жүрген. 71 жасында дүниеден өтіпті.

Сұлтанмахмұт Торайғыров алғаш Жалаңаш баба туралы деректерді әлдебір Құрбан қажы есімді қарияның аузынан жазып алған екен.

Ербол ЖАНАТ

Соңғы жаңалықтар