Әбу-Дабиде «Абай» мәдени-танымдық залы ашылды

None
None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат – Қазақ халқының ұлы ақыны, философы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында бүгін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігінің ғимаратында «Абай» мәдени-танымдық залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен іс-шараға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Жазушылар одағының басшылығы, Әмірліктердегі отандастарымыз бен бірқатар шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Елшісі Мадияр Меңілбеков «Абай» мәдени-танымдық залы қазақ халқының әдеби мұрасын шетелдегі отандастарымыз арасында дәріптеуге, жергілікті оқырман қауымды қазақ классигінің шығармаларымен таныстыруға мол үлесін қосатынын жеткізді.

Қазақстандық дипломат еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тілге тиек етіп, соның аясында ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, Абай бастаған қазақ әдебиетінің жауқазындарын әлемге паш етудің аса маңызды екенін мәлімдеді.

Осы ретте, Елші М.Меңілбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына тоқталып: «Жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тұлғасы болып табылатын ұлы ақын Абай Құнанбайұлын еліміздің бренді ретінде халықаралық қоғамдастыққа кеңінен таныстыру – біздің мәртебелі де жауапты міндетіміз», – деп атап өтті.

«Абай» мәдени-танымдық залында оқырмандар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған қазақ, араб және ағылшын тілдеріндегі туындылармен таныса алады. Сонымен қатар, аталған зал Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелеріне арналған ғылыми бағыттағы түрлі жиындарды, баспасөз конференциялары мен басқа да ресми іс-шараларды ұйымдастырумақастында қолданылады.


Соңғы жаңалықтар