Әбу Даби қаласында Қазақстан Елшілігіне жер телімі беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасындағы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және БАӘ-нің Қазақстандағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері 1992 жылғы 1 қазанда дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап ынтымақтастықтың барлық салаларын нығайтуда елеулі табыстарға қол жеткізді. 2017 жылғы 15 қаңтарда Әбу Даби қаласында жасалған аталған келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру және дипломатиялық қатынастарды дамыту үшін маңызды.

Заң жобасының қабылдануы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды», - деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді

Оның айтуынша, келісімнің 1-бабына сәйкес әмірліктер тарапына Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында көлемі 26 147 шаршы метр жер учаскесі, ал қазақстандық тарапқа Әбу Даби қаласында дипломатиялық корпус орналасқан ауданда көлемі 11 148 шаршы метр жер учаскесі 49 жылдық мерзімге өтеусіз пайдалануға, кейіннен осындай мерзімге ұзарту шартымен беріледі.

«Бұдан басқа, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың БАӘ басшылығымен жеке достық қарым-қатынасының арқасында 2010 жылғы 19 қазанда Әбу Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігінің қажеттіліктері үшін өтеусіз және мерзімсіз пайдалану үшін қосымша 1 гектар жер учаскесін бөлу туралы бұйрық шығарған. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар