Әбіш Кекілбайұлының шығармалары әлемнің 16 тіліне аударылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының шығармалары әлемнің 16 тіліне аударылды.

Бұл туралы бүгін «Әбіш әлемі» атты оқу конгресінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шарада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берген Мәдениет және спорт министрі жиналғандармен ақжолтай жаңалықтарымен бөлісті.

«Абыз ағамыздың шығармалары әлемнің 16 тіліне, соның ішінде биыл «Аңыздың ақыры» романы орыс, ағылшын, француз тілдеріне аударылды. Әбіш ағаның шығармашылығын насихаттау мақсатында елімізде көптеген шаралар атқарылды. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ең үздік жобаларының бірі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға ие болды. 4 мыңнан астам отандық кітапхананы қамтыған бұл жоба аясында 700 мыңнан астам оқырман Әбіш ағамыздың шығармасын оқыды»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұл ретте кітаптың оқырманға жетуіне дәнекер болатын қасиетті орын – кітапхананың, кітап пен авторды кездестіретін рухани орданың шырақшылары – кітапханашылардың еңбегіне ерекше тоқталған министр алдағы жылдан сала қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға өсетінін айтты.

Жазушының әдебиеті мен шығармашылығын, қазақ әдебиетінің құндылықтарын халықаралық ғылыми білім беру жүйесінде насихаттау және көпшілікке таратуды мақсат тұтқан конгресс аясында Әбіш Кекілбайұлының 20 томдық кітаптарының тұсаукесері өтті.

Салтанатты шараға филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік, сыншы, әдебиеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Оразалинов сынды танымал тұлғалар қатысты.

Соңғы жаңалықтар