Әбіш геолог болуды армандаған - жазушының зайыбы Клара

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашылған мемлекет және қоғам қайраткері, xалық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы аудиторияда алғашқы дәріс оқылды.

Сол жерде жазушының жұбайы Клара Жұмабаева Әбіштің геолог болуды армандағаны туралы бір жылы естелікпен бөлісті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Әбіш мектепке бармай тұрып, далада ұшып бара жатқан газетті қуып жүріп, оқуды таныған. Сонда жатып алып, қазақша-орысша кітап оқиды. Бірде төртінші сыныпта оқып жүргенінде,  үйдің іргесінде кітап оқып жатқан шағында достары аулада ләңгі ойнап жүреді. Дәл сол кезде бір топ орыстың геологтары келіп қалады. Сөйтсе, орысша сөйлейтін адам іздеп жүр екен. Әбіштің орысша кітап оқып жатқанын көріп, мынау тілді біледі деп, анасынан сұрап алыпты. Оны екі жыл ертіп жүрді. Маңғыстаудың бүкіл тауын, тасын соның көмегімен жазып алған. Сол кезден бастап Әбіш өмірге етене араласып, геолог болуды армандаған. Осы арманның жетегінде біраз жыл жүрді. Артынан кітапты көп оқығаннан кейін-ау деймін, жазушылығы басым болып кетті", - деді Клара апай бүгінгі шара кезінде.

Айта кетейік, бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, xалық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы аудитория ашылды. "Бүгін Әбіш ағаның дүниеден озғанына жыл толып отыр. Жылдық асы беріліп жатыр. Сол күнге сәйкестендіріп, Еуразия ұлттыш университетінде атақты жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың аудиториясын ашып отырмыз. Белгілі тұлғалардың есімімен аудитория ашу - бұл университемізде қалыптасқан жақсы бір дәстүр. Өйткені сол тұлғалардың өмірі, шығармашылығы мен қайраткерлігінен бүгінгі  жастар тәрбие алуы қажет", - дейді университет ректоры Е.Сыдықов. Шара аясында университеттің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті Әзиза Сүйінішқалиеваға Ә. Кекілбаев атындағы атаулы стипендия табысталды.

Соңғы жаңалықтар