Әбілязовтің Грузияға «сапары»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда БТА банктінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтің ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста Грузиядағы қонақ үй құрылысы үшін еншілес компанияларды несиелендіру мен осы елдегі телекоммуникациялық компания үлестерін сатып алу туралы эпизод қаралды.

БТА банкі мен Мұхтар Әбілязов үшін классикаға айналған тәсіл бойынша 2007 жылы қаржылық институт қызметкерлері «Medea Hotel Company B.V.» компаниясына құжаттарды әзірлеген. Тергеу анықтағандай, аталған рәсім БТА банктен қаржы жымқыру мақсатында жасалған.

Сол жылы БТА банк ойластырған тәсіл бойынша «Medea Hotel Company B.V.» атынан «Медея»  қонақ үйінің құрылысына және айналым қаражатын толтыру үшін 42,5 миллион АҚШ доллары көлемінде несиелік желі ашуға өтініш жазылған.

Әрине, оны мақұлдауда еш қиындық туындамаған. Несиелік комитет сараптама жүргізбеген, қарыз алушыны мен оның несиелік тарихын тексермеген. Банк қызметкерлері қарыз алушы компанияның иесі кім екенін жақсы білген, сол себепті шешім өте қысқа мерзімде қабылданған.

Несиелік комитет тез арада несиелеудің жалпы лимитін 42,5 миллионнан 69 миллион АҚШ долларына дейін көтеру туралы шешім қабылдаған.

 «Банкте қарыз алушының бизнес-жоспарындағы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру мүмкіндігі туралы, қарыз алушының қаржылық жағдайы туралы, алынған қаражатты мақсатты қолдануы жөніндегі бақылау есебі мен қайта қаржыландырылған несиені пайдалану тиімділігіне талдау және несиенің қайтымдылығы мен мақсатқа сәйкестігі туралы бағалауды қамтитын тұжырым жоқ», - деді зардап шегуші тараптың өкілі Талғат Амантай.

Берілген несие өзге несиелер секілді өтелмеген. Жалпы алғанда, Талғат Амантайдың хабарлауынша, дәл осы схемамен банктен 20 миллион доллардан астам қаражат ұрланған. Ең қызығы, Грузиядағы қонақ үй сол күйі тұрғызылмаған. Түптеп келгенде, берілген қаражаттың барлығын Әбілязов жымқырған және жаратып жіберген.

Дәл осындай айла-тәсілмен Әбілязов БТА банк қаражатынан тағы да 125 миллионнан астам қаржыны жымқырған. Бұл жағдайда қарыз алушы ретінде Әбілязовтің сыбайластары назарда ұстаған «Black Sea Telekom Holding B.V.» жалған компаниясы көрсетілген. Бұл жолы қаржыландыру мақсаты ретінде «Грузия біріккен телекоммуникациялық компаниясының» жарғылық капиталындағы үлестерді сатып алу деп жазылған. БТА банк басшылығы төлеуге қабілетсіз компанияның өтінімін толық көлемде қанағаттандырған. Оның үстіне, ақша әлі күнге дейін қайтарылмаған, ал Грузиядағы несиелендірілген жобалар ешқандай дивиденттер әкелмеген.

Әбілязовтің Грузиядағы мүдделері екі жобамен шектеліп қалмаған. Өте қысқа мерзім ішінде БТА банк Әбілязовтің тікелей қатысуымен тағы бес жобаны қаржыландырған.

Осылайша,  «Georgia tourists B.V.» компаниясы жер учаскелерін алу үшін 3 миллион доллардан астам қаражатқа ие болған. Батуми қаласында «Месхети» қонақ үй-тұрғын үй кешенін салу үшін «Kolhida Invest B.V.» компаниясына 4 миллион доллар берілген. «Tbilisi Hotel Holding B.V.» кмопаниясы Грузияда жылжымайтын мүлік сатып алу үшін шамамен 56 миллион долларға несиеленген. Тағы 10 миллион долларға «Batumi Rivera B.V.» компаниясы жер учаскелерін алып, нысандар құрылысын бастау үшін қаржыландырылған.

78,7 миллион АҚШ доллар көлеміндегі ең ірі қарыз «Tbilisi central plaza B.V.» компаниясына берілген. Бұл қаражатқа компания жер мен алаңдар сатып алып, жобалық жұмыстарды жүзеге асырып, әкімшілік шығындар мен  айналым қаражатын қаржыландыруы тиіс болған. Грузиялық жобаларының арқасында Әбілязов пен оның сыбайластары шамамен 300 миллион долларды жымқырған. 

Соңғы жаңалықтар