Әбілқайыр ханды зерттеу жұмысын әрі қарай жалғастыру керек - өлкетанушы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Әбілқайыр хан мен Бопай ханымды ұлықтау іс-шарасы өтті. Тарихшылар мен өлкетанушылар әлі де болса зерттеуді жалғастыру керек деп есептейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы қорымы «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енген. Былтыр мұнда аумақты абаттандыру және қорымның айналасын қоршау жұмысы жүргізілді.

Ақтөбеде өткен ұлықтау шарасына мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, меценаттар мен басқалар, соның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан келген ғалымдар қатысты.

«Әбілқайыр ханның қазақ тарихындағы рөлі мен маңызы баға жетпес. Ұлы қолбасшы қиын кезеңдерде үш жүзді біріктіріп, жауға тойтарыс беріп, жерді сақтап қалды. Ел болашағы үшін жастарымызды Әбілқайыр хан сияқты ұлы қазақ қайраткерлерінің үлгісінде патриотизм рухында тәрбиелеу маңызды. Біздің міндетіміз - ата-бабаларымыздың ерліктерін есте сақтау және оларды еске алу»,- деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Ұлықтау рәсімінде ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтіп, айтыс та ұйымдастырылды. Сонымен бірге жиналған зерттеушілер, тарихшылар әлі де ақтаңдақ тұстарға тоқталып, зерделеу жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді.

«Толық зерттелді деп айтуға қиын болатын себептер бар. Мәселен Әбілқайыр хан ғұламаның ұрпағы Абдужәлел Нарқожаевті Хиуа Бұхарадан ат жіберіп алдырып, Ресей патшайымы Анна Иоановнаға хат жаздырған. Арабша, дипломатиялық тілменен «Сіздердің қоластыңыздағы башқұрт, қалмақ елдерімен тату боламыз» деген бағытта жазылған. Бірақ осыны орысшаға аударған кезде бірқатар ауытқушылыққа жол беріліп, олардың ұрпақтарына «әкеңіз Ресей патшалығына бодан боламын деп уәде берді» деген насихатпен 300 жыл бойы алдандық. Бүгінгі таңда Әлкей Марғұлан атамыздың шәкірті Самат Өтениязов, Серік Әжіғали, Ноғай Ордасының тарихын зерттеген академик Трепавловтар бұл хаттың түпнұсқасын тауып, жариялап жатыр. Шындыққа қадам басталды деп ойлаймыз. Осы қорымның 40 жылдық зерттеуінің нәтижесі Серік Әжіғалидің авторлығымен жазылған кітап. Қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі жазылған кітап 10 жылдан бері қолжазба күйінде жатыр. Жарыққа шықса, ханның, ханымның, оның ұрпақтарының тұлғасын зерттесе дейміз. Мәселен Қамбар Медетов, Сал Мұхит Әбілқайыр ханның ұрпағы. Бүгінгі таңда бес сұлтаннан тараған 150 түтіннің тізімі қолымызда. Соның елуінен сынама алынып, жалпы генетика және цитология институтында, Башқұртстан, Вангрияда генетикалық анализ жасалды. Соның нәтижесімен хан қайтадан өз орнына жерленді», - деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.

Әл-Фараби атындағы ҚҰУ профессоры Самат Өтениязов та өз ойын білдіріп, Әбілқайыр ханды теңдесі жоқ тұлғалық қабілетін аша түсу керек екенін айтты.

«Бұл өзінің бағасын ала алмай, ақталмай келе жатқан тұлға. Шын мәнінде ол қазақтың ұлттық батыры. Оның еңбегінің теңдесі жоқ. Өзім «Әбілқайыр және 1738 жылғы құжат тарихы» баяндамасын жасадым. Негізі хаттың түпнұсқасының оқылғанына да 22 жыл болды. Әлі де ашып айтпай отыр. Бұл кісінің үлкен еңбегі – 1709 жылға дейін 10 жыл бойы Ресеймен соғысты. Соның арқасында 1709 жылы хан болып сайланды. 38 жыл хан болды. Барлығы 48 жыл Ресеймен соғысты. Шындық жатпайды, түбінде жеңеді. Қазақстанның барлық аймағына оған ескерткіш қойып, көше беру керек», - деді Самат Өтениязов.


Соңғы жаңалықтар