Әбілхан Аманқұл бокстан Олимпиада ойындарының бесінші жолдамасын еншіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Иорданияның Амман қаласында бокстан өтіп жатқан іріктеу турнирінде Әбілхан Аманқұл Олимпиада ойындарының бесінші жолдамасын еншіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлер арасында 75 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан боксшымыз ширек финалда өзбекстандық Фанат Қахромоновпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіске жетті. Осылайша жартылай финалға шықты. Сондай-ақ, боксшылар арасынан Токио Олимпиадасына боксшылар арасынан (ер, әйелдерді қосқанда) бесінші жолдаманы жеңіп алды.

Айта кетейік, отандасымыз алғашқы айналымда Оңтүстік Корея боксшысы Ким Чже Жинсеймен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Міне, ширек финалда да қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалға өтіп қана қоймай төртжылдық додаға қатысуға мүмкіндік алды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған олимпиадалық іріктеу турнирінде ерлерден 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алса, әйелдер боксынан 75 келіде Надежда Рябец ғана жалғыз жолдаманы қанжығасына байлады.

Осылайша, қазіргі уақытқа дейін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бес боксшы лицензия ұтып алды.


Соңғы жаңалықтар