Әбдуәлі Қайдар - бүкіл түркі жұртына ортақ ғалым

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы жұртшылығы Ғылым ордасы ғимаратында белгілі ғалым, түрколог, филология ғылымдарының докторы, академик Әбдуәлі Қайдарды ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаралы жиынға қатысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Субханбердина министр Күләш Шәмшидинованың көңіл айту хатын оқып берді.

«ҚР ҰҒА академигі, көрнекті маман, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Әбдуәлі Қайдардың қайтыс болына байланысты туған-туыстарына, қазақ халқына көңіл айтамын.

Соңынан өшпес із қалдырған Әбдуәлі ағамыз қазақ тіл білімін дамытуға мол үлесін қосқан азамат еді. Жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», - деді Эльмира Субханбердина.

Ал Алматы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Матыжанов қала әкімі Бауыржан Байбектің көңілхатын жеткізді.

«Бүгін аяулы ағамыз, аса құрметті ғалыммен қоштасып отырмыз. Күллі түркі елінің ұстазы Әдуәлі Қайдардың қазасына ортақтасып көңіл айтамыз. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ағамыз өнімді еңбегімен ел-жұртының құрметіне бөленген еді. Ел басына күн туғанда майданға аттанып, Ұлы отан соғысынан жеңіспен оралды. Мағыналы ғұмыры Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында еңбек етумен өтті. 400-ден астам ғылыми еңбек қалдырып, қазақ тілінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. «Адам разы болса - ас береді, Алла разы болса - жас береді» дейді атам қазақ. Бұл кісінің 95 жасқа дейін ғұмыр кешіп, халқына пайдасын сіңіргенінің белгісі осы», - деді Сұлтанбек Матыжанов.

Белгілі ғалым Кенжеғали Сағадиев Әбдуали Қайдарды қазақ тіл білімінің қара нары деп атады.

«Қазақ тіл ғылымының қара нары - Әбекең. Өйткені, қазақ тілінің қолданыста болуы үшін күресіп, еңбегін аямаған азамат. Совет үкіметі тұсында ғылыми жаңалықтарды аштық. Алматыда қаза тілінде бір-ақ мектеп болған. Кеңес үкіметінің осындай қыспағы кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ашылды. Сол институттың стратегиясын жасаған, кадрларын топтастырған, қазақ тілі қоғамын құрған адамдардың қатарында осы Әбекең бар. Соның арқасында біздің тіл білімі ғылымы қазіргі дәрежеге жетіп, дамыды», - деді Кенжеғали Сағадиев.

«Мен Әбекеңнен 2-ақ жас кішімін. Бір майданда қызмет істегенбіз. Сыйлас жақын адамдардың бірі едім. Бұрынғы ғалымдардың еңбегін біздің заманымызға жеткізген, ағаларының мұраларын арқалап шыққан адам Әбекең. Жазған еңбектерінде есеп жоқ. Мақалаларының санын ешкім білмейді. Әртүрлі тақырыпта жазды. Мен өзі құлағым естімей, аяқтан қалып жатыр едім, кеудемде жүрек соғып тұрғасын келмеуге еш қақым болған жоқ», - деді академик Серік Қирабаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәлі Туғанбайұлы Қайдар 27 ақпан күні 95 жасқа қараған шағында қайтыс болған еді.

Соңғы жаңалықтар