Әбдіғапар хан Кенесарының стратегиясын пайдаланған ба?

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 1916 жылғы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, халық хан көтерген Әбдіғапар Жанбосынұлы қатарынан озық, сауатты, діндар адам болған. Ал жазушы-журналист Бөгетбай Әлмағамбеттің «Торғайдағы азаттық көтерілісі» кітабында Әбдіғапардың Кенесары ханның соғыс тактикасын ұстанғаны туралы айтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әбдіғапардың хан сайлануы

«Дала академигі» атанып кеткен журналист Бөгетбай Әлмағамбеттің жазып кеткен деректеріне сүйенсек, Әбдіғапар мен Амангелді көтеріліс басына өздерінің беделі, ақыл-парасаты арқылы келді.

«Сол бір қиын-қыстау кезеңде қалың ел кімнің етегінен ұстауды екшемей қалған жоқ. Қазақ дәстүрі бойынша Әбдіғапардың арғы атасы - Нияз бидің хан атануы, Амангелдінің атасы Иманның Кенесарының оң қолы болғаны ескерілмей қалған жоқ. Әбдіғапар мен Амангелдіні бір-бірінен бөлуге болмайды. Бірақ, дұшпандары оларды айырып, мерт етті. Кешегі таптық идеология бұл ажырасуды тарихи, ғылыми тұрғыда тереңдете түсті», - деп жазады «Торғайдағы азаттық көтерілісі» кітабында.

Сонымен, әділеттікті қорғау үшін биліктің керектігін түсінген Әбдіғапар 1908 жылы болыстыққа өткен. Патша әкімшілігі қазақтарға бұдан артық билікті бермеген. Бұл жұмыста жүргендер патша әкімдерінің алдарында құрдай жорғалап, айтқандарын екі етпей орындауы керек-ті. Алайда, өз еркімен жүріп, мойын бұрмайтын Әбдіғапарды көп ұзамай болыстықтан босатты. Әбдіғапар даулы мәселелерге қатысып, халықтың қамқоршысы болды. 1911-1912 жылдары Ақ бидайық кедейлерінің егістік алқабын қорғап қалды. 1914-1915 жылдары ол Ресейдің түндік басына төлейтін салықты, байлардың «мойнына» ілгізді. Жұрт бұл кезеңді «Бай-салық» деп атаған деседі.

Әбдіғапар тамыз айының басында «Қоға» деген жерде әр болыста жиналған топ басшыларымен бас қосып ақылдасты. Бұған 500 сарбазымен Иман батырдың немересі Амангелді, 1000 жігітімен Жәуке батырдың ұлы Оpманбек ақсақал, 1200 жігітпен Аққұм, Қарақоға болыстарынан Карбоз Қабақұлы келді. Сонымен сарбаздардың саны 6000-ға жеткен болатын. Осы тұста ханның немересі Қабден Қалиұлының дерегін келтірейік:

«Cарбаз басшылары ауызекі Әбдіғaпарды хан атады. Әбдіғапар жиналған жастарға мынаны түсіндірді: «Патшаның Жарлығына бағынбау, оған қарсы шығу, патша үкіметі оған қарсы шара қолданады, қарулы әскер жіберіп көтерілісшілерді қырып-жойып, тәртіпке келтіргенше қуғындайды. Орыс мемлекеті қаруланған алып мемлекет, оның әскерімен шайқасу оңай емес. Біз біріншіден, әскер тәртібін орындайтын сарбаздар тобын құруымыз керек. «Сарбаз» деп қолына қару алып, патшаға қарсы шыққан адамды айтады, оның алғашқы ұясы 10 адамнан құралатын болады».

Әбдіғапар хан халқымен бірге патша Жарлығына қарсы шығып, бірде-бір азаматын соғыс жұмысына жібермеді. Торғай өлкесінде алғашқы демократиялық мемлекеттің үлгісін жасады. Кешегі «тентек» атанған Амангелді, Уәлі, Кейкі сияқты інілерінің арқасында патша жазалаушы әскерлеріне қарсы жүргізген шайқастардың бірде-бірінде жеңіс бермеген, қарсы шықты. Доғал-Үрпектегі соғыста, зеңбірекпен, оқшашарлармен қаруланған полкті күйрете жеңген. Полковник Тургенев Бас штабтың тапсырмасын орындай алмай Торғайға оралған.

1926 жылы шыққан «Ауыл» газетіндегі бір мақалада Әбдіғапардың «Қаша ұрыс салып, патша құлағанша амалдаймын» деген сөзі келтіріледі. Бөгетбай Әлмағамбеттің дерегіне қайта оралсақ, Әбдіғапардың бұл ұстанымы Кенесары ханның стратегиясы, тактикасына ұқсас.

«Ресейдің ішкі жағдайынан хабардар көтеріліс басшылары мұны белгілі бір негізге сүйене айтқан. Шешуі маңызды болған Доғал шайқасы алдында Әбдіғапар, Амангелді сарбаздар бекінетін орын іздеп, Ұлытауға адамдар аттандырған. Патша әскері келеді деген жолдарға сол жақтағы болыстардың сарбаздары қойылған», - деп жазды журналист-жазушы.

Хан қазасы хақында

Әбдіғапар 1918 жылы наурызда Орынборда Патша үкіметінің І-съезіне қатысты деген дерек бар. Сол жылы сәуір, мамыр айларында өткен елді кеңестендіру, яғни, ауылдық, болыстық үкімет орындарын сайлауға араласты. Әбдіғапар мен Амангелдінің арасындағы реніш, араздық та осы сайлау кезіндегі бір кілтипаннан басталды. Бірақ, Бөгетбай Әлмағамбет Әбдіғапардың Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартқанын жазды.

1919 жылдың 12 желтоқсанында Қазақ ревкомы Амангелді Имановтың өлтірілгенін хабарлады. Әбдіғапарды жазалау содан кейін басталды. Бұл уақытта ол Қараторғай мен Жыланшық арасындағы Көкөлең қонысында болған. Торғайдан жіберілген 25-30 адамдық қарулы топ Бақытжан Бақтыгереев деген командирдің басшылығымен 24 желтоқсанда Әбдіғапар жатқан қосынға келеді.

«Әбдіғапар бұл топтың не үшін келгенін біле тұра тай сойып, ет асады. Бақтыгереев Әбдіғапарды екі рет Ревком алдына жауап беруге шақырған. Үшінші келген кезде олар көнбеген ханды атып кеткен. Қарулы топты жіберген Әліби Жангелдин екені түсінікті», - дейді Бөгетбай Әлмағамбет.

Әбдіғапар алашордашылар тобына қосылмады, большевиктердің шаруалар мемлекетіне қарсы болмаған, соған қарамастан қызыл әскерлер қолынан қаза тапты. Ұрпақтары «хан тұқымы» ретінде аяусыз қуғынға ұшырады.
Ағайын туыстары хан денесін өзінің атамекені - Жаңақалаға әкеліп елеусіз жерлеген. Көптеген жылдар Әбдіғапар аты аталмай ардақты азаматқа қиянат жасалып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Әбдіғапар ақталды, деректер жарыққа шықты.

Қазақстанның киелі орындар картасына еніп отырған Әбдіғапар ханның кесенесі Арқалыққа қарайтын Қараторғай ауылдық окруігіндегі Көртоғай елді мекенінде орналасқан.

null

Соңғы жаңалықтар