Абайдың туғанына 170 жыл: Алматыда «Абайды сағыну» музыкалық-поэтикалық кеші өтті (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда философ, қазақтың бас ақыны Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай «Абайды сағыну» музыкалық-поэтикалық кеші өтті.

Қала әкімі Бауыржан Байбек Абай Құнанбаевтың қазақ жазба әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы айтты. Оның айтуынша, Абайдың шығармашылығы қазақ әдебиеті мен ұлттық философиясын жаңа деңгейге көтерген.

«Абай заманынан бері ғасырлар өтсе де оның шығармашылығындағы түйген ойлары мен идеялары бүгін де өзектілігін жойып отырған жоқ. Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Абай мұраты біздің тарихымызбен, тәуелсіздігімізбен, «Мәңгілік ел» идеясымен тікелей байланысты. Өзінің жоғары өмірлік ұстанымының арқасында Абай әлемге танылып, қазақтың паспортына, ұлттық брендке айналды», - деді Б. Байбек.

Кеш бойы сахнада ақынның Бибігүл Төлегенова, Мақсат Мақұлбеков, Еркін Шүкіман, Фархат Көбеев, Дулат Тоқанов, Әбілахат Еспаев, Шахизада, Рамазан Стамғазиевтың орындауындағы әндері шырқалды. Әншілерге Данияр Байжұманов, Мүслім Әмзе, Тілеулес Кұрманғалиев пен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі сүйемелдеу жасады.

Абай Құнанбаев 170-ке жуық өлең, 56 аударма қалдырған. Ақын 20-ға тарта ән жазып, «Қара сөздерін» қалдырған.

Оның шығармашылығы XIX - XX ғасырдағы ұлт зиялыларына қатты әсер еткен. Абай орыс, араб, парсы, түрік, татар тілдерін жетік меңгерген.

Бүгінде ұлы ақынның атында Ташкентте, Киевте, Делиде, Каирде, Берлинде көше бар. Лондонда Абай атындағы музей жұмыс жасап тұр. 1995 жыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Абай жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар