Абайдың «Толық адам» ілімінің жол картасын жасауымыз керек – Оразалы Сәбденов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбденов әлемдегі дағдарыс барлығы рухани күйзеліске алып келгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымның айтуынша, Президент жолдауында ұлт сапасын арттыруды міндеттеп отыр.

«Қасаң сана психологиясынан арылу, жаңа білім қажет деген сөз адами интеллектуалдық құндылықтарды дамытудан шығады. Бүкіл экономика ұлттық идеямен болжанады. Біз 30 жыл бойы бір үрдіспен жүрдік. Мұнай-газ экономикасына сендік. Басқару тәсілі жоғарыдан төмен болды. Кейде біз өзіміз өзімізді басқаруды игермей жатып, басқаны басқарғымыз келді. Бұл да Абай сөзі. Бізде жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңы жоқ. Парламентте 4 рет депутат болдым. Осы мәселені бірнеше рет көтердім. Нәтиже болмады. Ауылда жергілікті әкімдерді енді халық сайламақшы. Осылайша өзін өзі басқару келе жатыр. Жаңа идеологиямен ұлт сапасын арттыруға қоғамдық ғалымдар ат салысуы керек. Әлемнің дамуы шығысқа ауып жатыр. Қытай, Малайзия, Сингапур, Жапония мемлекеттері қарыштап дамиды. Бұл мәселенің барлығы шығыс философиясына ауысады деген сөз. Әл-Фараби, Абай, Лаоцзы, Конфуций, Будда тұр. Әлемде қазір қаржы саласы бірінші деген адамдар шатасады. Мәселенің барлығы рухани дағдарыстан басталды. Біз Абайды толық іске асыра алмай жатырмыз. Абайдың «Толық адам» ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани конституциямыз ретінде қалыптастыру керек. Сондықтан, Қытай мемлекеті сияқты бізде де идеология күшті болу керек еді», - деді О.Сәбденов.

Ғалым бізде де Қытайдағыдай қоғамдық ғылымдар академиясы құрылуы керек деп санайды.

«Академияның екі міндеті болуы керек. Бірі – фундаменталды, ғылыми ізденіс болса, екіншісі - Қазақстан жаңа идеологиясын қалыптастыру болуы тиіс. Ашығын айту керек, осы жерде бір кенже қалып отырмыз. Осы ұсынысым Президентке жетсе жақсы болар еді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар