Абайдың 175 жылдығы: Үнемделген 1,7 млрд теңге қайда жұмсалды – министрдің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Абайдың 175 жылдығын тойлауға бөлінген, алайда пандемияға байланысты үнемделген 1,7 млрд теңге қайда жұмсалды? Бұл сұраққа Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, үнемделген қаражат республикалық бюджетке қайтарылды. Себебі карантинге байланысты шаралардың көбі қысқартылды. Жыл басында офлайн шаралардың біразы жоспарланған еді. Үнемделген қаражат Шығыс Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға, Семейдегі негізгі музейді өркендетуге, Ахмет-Риза мешітін реставрациялауға, сондай-ақ Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін дамытуға жұмсалды. Әлбетте Абай өміріне қатысты барлық тарихи орындарды реставрациялау жұмысы ұмыт қалған жоқ. Яғни Президент атап өткендей, бұл қаражатты бастысы инфрақұрылымға бөлдік. Сондай-ақ кітаптарды, Абайдың шығармаларының 10 тілдегі 10 томдығын шығаруға қаражат бөлінді», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр Семейдегі Абайдың ұлдарымен бірге тұрған ескерткішін қала әкімдігі орнатқанын жеткізді.

«Ескерткішке қанша кеткенін жергілікті әкімдік біледі. Бұл – сол жергілікті биліктің бөлінген қаражатымен жасалған ескерткіш», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар