+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Абайдың 175 жылдығы әлем картасында қандай із қалдырды

2021 жылғы 10 тамыз 09:24
Бөлісіңіз:
Абайдың 175 жылдығы әлем картасында қандай із қалдырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойы панедмияға тап келгені ел есінде. Дегенмен, айтулы дата әлемнің түкпір-түкпірінде атаусыз қалмаған болатын. ҚазАқпарат сол Абай тойының әлем картасына қандай із қалдырғанына шолу жасап көрді.

Ұқсас жаңалықтар

Былтыр 4 тамызда ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша 10 тамыз – Абай күні деп белгіленген болатын. Осылайша ойшыл ақынның 175 жылдығы қарсаңында Қазақстан күнтізбесінде оның атымен байланысты айтулы дата пайда болған.

Еліміз Абайдың 175 жылдық мерейтойына ерте бастан дайындалды. 2019 жылдың 30 қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мерейтойға арналған республикалық жоспар бекітілді.

Алайда COVID-19 пандемиясы ол жоспарды түбегейлі өзгертіп, шаралардың көбі онлайн форматқа ауыстырылды.

Дегенмен Абайдың 175 жылдығы той тойлаудың емес, ой ойлаудың жылы болды деуге толық негіз бар. Abai арнасының мазмұны бай, бағыты еркін ақпарат құралына айналуы сол мерейтойдың басты жетістігіне баланып отыр бүгінде.

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комиетінің деректері бойынша, Абайдың толық шығармалары әлемнің 10 тіліне, атап айтсақ, француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия тілдеріне аударылып, басылды. Аударманың әрқайсысы 3 000 данадан кем болмауы ескерілді.

2020 жыл ТҮРКСОЙ шеңберінде «Абай жылы» деп бекітілді. Ұлттық Банк 2020 жылы «ABAI. 175 JYL» деген атпен коллекциялық монеталар шығарса, «Қазпошта» «Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл» деген тақырыппен пошта маркасын айналымға енгізді.

Мерейтой аясында Елшіліктер жанынан Абай орталықтарын ашылып жатты. Қазақстан Республикасының Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария Елшіліктері мен Чехияның «Клементинум» Ұлттық кітапханасы жанынан «Абай» орталықтары, сондай-ақ ҚР Монғолиядағы Елшілігі жанынан Абай бұрышы ашылды.

Ал Грузия астанасындағы көшелердің біріне Абай Құнанбайұлының есімі берілді.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен ақын құрметіне саябақ пен ескерткіш тақта орнатылды.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшіліктің қолдауымен Абу-Даби қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды.

Жалпы, 2020 жылы әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды.

АҚШ-та Дж.Вашингтон университетімен бірлескен «Абай виртуалды орталығы» (abaicenter.com) жұмысын бастады. Ақпараттық ресурста Абай Құнанбайұлының шығармаларымен қатар, Қазақстанның тарихы, өнер, кино, музыка мен археологиясына қатысты америкалық сарапшылардың еңбектері мен мақалалары үнемі жарияланып тұрады.

Жыл бойында Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдері грузин, иврит, қырғыз, малай, монғол, нидерланд, португал, украин, өзбек, хинди тілдеріне аударылып, 11 кітап болып басылып шықты.

Қазақстан аумағында ғана Абай Құнанбайұлына арналған 50-ден аса монументті ескерткіш пен бюст орнатылған.

Республика бойынша 31 елді мекен, яғни ауыл, ауылдық округтер, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ұлы Абайдың есімін алған.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша да 2020-2021 жылдары әлем картасында Абайдың атындағы нысандардың саны артқан.

Абай орталықтары:

2020 жылы ҚР Сингапурдағы, Болгариядағы, Мысырдағы, Пәкістандағы, Мажарстандағы, Ирандағы және Эфиопиядағы Елшіліктері жанынан 7 Абай орталығы ашылды.

Абай орталықтары:

- АҚШ-тың Дж.Вашингтон университетімен бірлескен Қазақстанның тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған «Абай виртуалды орталығы»;

- ҚР Бельгиядағы Елшілігі жанындағы қазақ мәдениеті орталығы;

- Чехияның«Клементинум» Ұлттық кітапханасы жанындағы «Абай» мәдени-ақпарат орталығы;

- Малайзия Ұлттық кітапханасы аясында «Абай атындағы қазақ әдебиеті және мәдениті орталығы»;

- ҚР Монғолиядағы Елшілігі жанындағы Абай бұрышы;

- Литваның Вильнюс округінің Адам Мицкевич атындағы Қоғамдық кітапханасының ғимаратында қазақтың ұлы ағартушысы Абайдың оқу залы;

- ҚР БАӘ-дегі Елшіліктің ғимаратында «Абай» мәдени-танымдық залы жұмыс істеп тұр

Ведомствоның мәліметі бойынша, 175 жылдық мерейтой кезінде Үндістанның Нью-Дели, Грузияның Тбилиси қалаларындағы орталық көшелердің біріне ұлы ақынның есімі берілді.

Сыртқы істер министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, әр жылдары әлемнің 13 қаласында Абай құнанбайұлының ескерткіші орнатылған. Соның бесеуі ақынның 175 жылдық мерейтойына арнап қойылған екен.

Ресей Федерациясы, Мәскеу, 2006 жыл

Ресей Федерациясының астанасында Қазақстан елшілігінің жанындағы Чистопрудный бульварында 2006 жылы орнатылды. Қола ескерткіштің авторлары –мүсінші Марат Айнеков пен Саид Айнекенов, дизайнері – Тимур Сүлейменов, суретші – Эдуард Дробицкий, сәулетші – Вячеслав Романенко.

2006 жылды Қазақстандағы Пушкин жылы және Ресейдегі Абай жылы деп жариялау құрметіне Нұр-сұлтан мен Мәскеуде ақындарға қола ескерткіштер орнатылды.

Иран, Тегеран, 2007 жыл


Абай мүсіні 2007 жылы 5 қазанда Иран Ұлттық кітапханасының кіреберісіндегі аллеяда орнатылды. Е

Әзербайжан, Баку, 2011 жыл


2011 жылдың мамыр айында Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбаев атындағы орталық ашылып, ақынның бюсті орнатылды. Орталық қызметкерлері ақын өлеңдерін әзербайжан тіліне аударып, Абай мұрасын әзербайжан тілінде насихаттаумен айналысады.

Өзбекстан, Ташкент, 2013 жыл


Ташкенттегі Абай ескерткіші 2013 жылы екі елдің президенттерінің қатысуымен ашылған болатын. Ескерткіш қаладағы Шайхантахур ауданының басты көшелерінің бірі – Абай көшесінде орнатылды. Ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетшісі Расул Сатыбалдиев. Ескерткіштің биіктігі – 9,2 метр.

Мажарстан, Будапешт, 2014 жыл


Бұл нысан Мажарстанның Будапешт қаласындағы Астана көшесінде 2014 жылы орнатылды. Қола мүсіннің биіктігі – 1070 мм, ені – 900 мм.

Қытай Халық Республикасы, Бейжің, 2014 жыл


Бейжіңдегі Абай ескерткіші 2014 жылы автор Юань Сикуньдің ұсынысы бойынша «Чаоян» саябағында орнатылды.

Франция, Ренн, 2016 жыл


Египет, Каир, 2016 жыл


Каирдегі Абай бюсті 2016 жылы Бостандық және достық паркіне оқойылды. Бюст Мысыр меценаты, Қазақстан-Мысыр достығы қауымдастығының мүшесі доктор Хусейн әл-Шафияның қаражатына орнатылған. Ескерткіштің авторы – атақты мысырлық мүсінші Усама әл-Серуи. Оның жұмыстары Каирде ғана емес, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкентте де орнатылған.

Түркия, Анталия, 2020 жыл


Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында 2020 жылы Түрік Анталиясында Абайдың құрметіне саябақ пен ескерткіш тақта ашылды.

Румыния, Бухарест, 2020 жыл


2020 жылдың 10 қыркүйегінде Бухарест орталығында Ұлы қазақ ойшылының мерейтойына орай ақын бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Бюст авторы – Еуразия ұлттық университетінің профессоры, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков.

Словакия, Свети Влас, 2020 жыл


2020 жылдың 11 тамызында «Болгария - ағайынды Диневаны еске алу» қорының қолдауымен қазақтың ұлы ақыны және қоғам қайраткері Абайдың 175 жылдығына орай Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар аллеясында Абайдың барельефі ашылды.

Швейцария, Женева, 2020 жыл


2020 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақ ойшылының 175 жылдығына және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Абай бюстінің салтанатты ашылуы өтті.

Түркия, Ыстанбұл, 2020 жыл


2020 жылғы 18 наурызда Ыстанбұл қаласында Абай алаңы мен ескерткішінің ашылды. Ондағы Абай ескерткішінің авторы – ҚР Бейнелеу өнері академиясының толық мүшесі, мүсінші Мұрат Мансұров.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT