Абайды Қазақстанның бренді ретінде таныстыру - қазіргі ұрпақтың міндеті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай ілімі – руханият негізі» тақырыбында республикалық онлайн дөңгелек үстел өтті.

Университет ректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Жасұлан Шаймарданов іс-шараны аша келе: «Абай – ұлт руханиятының бастауында тұрған тұлға. Біздің негізгі мақсатымыз – Абай мұрасын бүгінгі көзқараспен қарастырып, оның өміршеңдігін жас ұрпаққа насихаттау. Артында қалған өлмес мұрасын күнделікті өмірде, негізгі ұстамға айналдыруымыз қажет», - деп атап өтті.

Оның айтуынша, университетте студенттердің санасын жаңғыртуға бағытталған «Адам бол» академиялық жобасы, «21 ғасырдағы Абай» курсы қолға алынған.

Онлайн кездесуде сөз сөйлеген философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім мырза да өз пікірін ортаға салды.

«Абай шығармалары адамның қасиетіне қалай әсер етуде? Адамшылық, кісілік деген ұғымдарға қатысты қазіргі ХХІ ғасырдың жастары қандай ғибратты істер атқаруы керек? Біздің қоғам үшін жас ұрпақ тәрбиесі аса маңызды, сондықтан да, оның іргетасы болып табылатын рухани құндылықтарды да Абай ілімімен байланыстыру керекпіз. Бүгінгі қоғам және оның болашағы үшін еліміздің жастарына ғалым Абай ұсынған жолмен жүру керек. Бұл тұрғыда техникалық оқу орында Абай курсының оқытылуы - ең үлкен жетістік деп ойлаймын», деді Ғ. Есім.

Ал саяси ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Сайын Борбасов «Абай мен Шәкәрім тұлғасының рухани келбеті туралы» тақырыбында баяндама жасады. «Абай мен Шәкәрім адамның рухани келбетіне ерекше назар аударған. Олар адами қасиеттер оның жүрек қалауынан туады деп есептейді. Ал адамгершіліктен ауытқулар бақай есеп пен күншілдіктен, қулық амалдарынан туындайды. Сондықтан, ақиқат пен әділет үшін жүрек қалауын таңдау пайдалы деп көрсетеді «,-дейді.

Бұдан бөлек, іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Светлана Ананьева да Абай іліміне қатысты мәселені ортаға салды.

Оның айтуынша, Абайды әлемдік қоғамдастықта жаңа Қазақстанның бренді ретінде таныстыру керек. «Бұл - қазіргі ұрпақтың міндеті. Абай шығармашылығы - әлемдік әдебиет тарихындағы ерекше құбылыс», - деді ол.

Жиында сондай-ақ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева ақынның өмір бойы шарқ ұрып іздегені «толық адам» жайлы сөз қозғады.


Соңғы жаңалықтар