#Абай175: Қырғызстанның «Кабар» агенттігінің тілшілері Абайдың өлеңін жатқа оқыды

None
None
БІШКЕК. Кабар – ҚазАқпарат – Қырғызстанның ұлттық ақпарат агенттігінің тілшілері Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.


«Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған эстафетаны «Кабар» қырғыз ұлттық ақпарат агенттігі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінен қабылдап алып, эстафетаны «ЭлТР» телерадиокомпаниясына, Алыкул Осмонов атындағы ұлттық кітапханаға және Ұлттық ғылым академиясының Ш. Айтматов атындагы Тіл және әдебиет институтына жолдайды», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Татар-Информ» ақпарат агенттігі Абай шығармашылығына арналған эстафетаға үн қосқан болатын.

Татар әріптестеріне аталмыш эстафетаны «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы жолдаған еді. Сонымен қатар, агенттік ұжымы бұл эстафетаны Қырғыз Республикасының «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігіне, «Tengrinews» және NUR.KZ порталдарына тапсырды.

Өз кезегінде «Egemen Qazaqstan» газетінен эстафета қабыл алған «ҚазАқпарат» ХАА, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бес тілде шырқады.

Айта кетерлігі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған 9 жасар мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Соңғы жаңалықтар