#Абай175: Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми челленджге қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Абай шығармашылығына арналған эстафетаға үн қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Конституциялық кеңестің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» атты жас ғалымдардың ІІІ халықаралық форумының жалпы отырысына қатысты. 12 елдің жас ғалымдары алдында сөз сөйлеу барысында Қайрат Мәми Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған эстафетаны жалғастырып, ұлы ақынның 38-ші қара сөзінен үзінді келтірді.

Онда «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ», делінген.

Қайрат Мәми осы асыл мұраны тілге тиек ете отырып, жастардың барлық ізденістеріне сәттілік тіледі.

Қатысушыларға арналған алғы сөзінде Конституциялық кеңестің төрағасы Қазақстанда жас ғалымдардың халықаралық форумын өткізу жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті. Форум ғылым, білім беру және инновациялар саласындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша беделді пікірталас алаңына айналған.

Спикер Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастама жасаған, қазақстандықтардың жас буынына шетелде жоғары білім алуға бірегей мүмкіндік беретін «Болашақ» стипендиясының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қарқынды даму мен заманауи сын-қатерлер қоғам мен мемлекет алдында жаңа міндеттер қояды.

«Бұл процесте саяси-құқықтық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар эволюциясының векторларын айқындайтын Конституция маңызды рөл атқарады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері Конституцияда бекітілген жалпы адамзаттық құндылықтарды жүзеге асыруға қызмет етуі тиіс», - деді Қайрат Мәми.

Айта кетерлігі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған 9 жасар мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді. Кейін челленджге қоғам және мәдениет қайраткерлері, белгілі тұлғалар да қатысты.

Соңғы жаңалықтар