«Абай жастары» бағдарламасымен 40 адам баспаналы болмақ

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында жастарға арналған «Абай жастары» бағдарламасымен 40 адам баспаналы болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айынан қолға алынған «Абай жастары» бағдарламасы «Отбасы банк»АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Оның құрамына түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар мен отбасылар кіреді.

«Бүгінде бағдарламаның алғашқы қорытындысы анықталды. Талап бойынша ең көп ұпай жинаған 40 адам іріктелді. 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап оларға Семей қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекция бөлімі жолдама береді. Егер «Отбасы банк» АҚ өтініш берушінің төлем қабілетін мақұлдамаса, кезекте тұрған келесі адам өтініш қалдыра алады», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бағдарламаға бір қатысушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 15 млн теңгені құрайды. Егер тұрғын үй құны бұл сомадан асса, қалған ақшаны өтініш беруші өз қаражаты есебінен төлейді.

Пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10%-ы. Пайыздық мөлшерлеме – 5%. Несиенің максималды мерзімі – 19 жыл.


Соңғы жаңалықтар