Абай шығармашылығы ұлттық әдебиет пен мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып түсетін ғажайып құбылыс - Қ.Тоқаев

None
None
СТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Абай шығармашылығы ұлттық әдебиет пен мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып түсетін ғажайып құбылыс.

Бұл пікірді бүгін елордада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткішінің ашылу рәсімінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев білдірді.

«Біз елордамыз Астананың мәдени және рухани қазынасын еселей түсетін, мәнімен мағынасы өте зор оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Бұл халқымыздың бір туар ұлы перзенті дана Абайға бас иіп, құрмет көрсету ғана емес, барлық қазақстандықтардың рухын көтеретін салтанатты күн. Ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман классигіміз Абайға тағзым ету біз үшін аса жоғары мәртебе. Кемеңгерлік пен даналықтың символы Абай Құнанбайұлына елордамыздың төрінен қойылған осы ескерткіш бүгінгі еңсесі биік, мерейі үстем, береке-бірлігі жарасқан халқымыздың байыпты мақтанышы болмақ. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған Абай шығармашылығы ұлттық әдебиет пен мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып түсетін ғажайып құбылыс», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен бірге Сенат спикері өз сөзінде Абайды қараңғы түнек заманда қалың бұқараны тура жолға түсуге шақырған халқымыздың рухани темір қазығы ретінде атап өтті. Төрағаның айтуынша, Абайдың асыл мұраты халық игілігі және ел мұраты болды және ол елінің жарқын болашағы үшін бүкіл саналы өмірін арнап, мыңмен жалғыз алысты. Ол халқының мұңын жоқтап, жоғалтқанын жаңғыртып түгендеді. Абайдың зары да, мұңы да елінің бірлігі мен берекесі болды.

«Елбасымыз Н.Назарбаев Абай туралы «халқына қамқор, ұлтына жанашыр боламын деп жүріп күллі адамзаттық мейірбан гуманистік өресіне көтерілді» деген еді. Бүгінгі зор қуанышты бөлісуге жиналған қауымның әрқайсысы ұлы ақынның өлең шумақтарын жатқа оқитыны сөзсіз. Өйткені біз Абай арқылы өзімізді білген, Абай арылы өмірді сараптаған, сол ғұлама ойшылымыз арқылы дүниені таныған ұрпақпыз», деді өз сөзінде Сенат Төрағасы.

Бұл орайда біртуар ағартушының құдіреті мен даналығына бас ию, біздің ғана емес келешек ұрпақтардың да қастерлі міндеті екендігін де баса айтты. «Қазақстан дана Абай армандаған болашақтың нақты көрінісі», деген Қ.Тоқтаев Елбасы Н.Назарбаевтың саясатының арқасында отанымызда бейбіт өмір орнап, халқымыз ерен еңбекпен, толағай табыстарға қол жеткізіп отырғандығын да тілге тиек етті.

Өз сөзін Ұлы Абайдың «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір Кемел. Берекелі болса ел, жағасы жайла ол бір көл. Берекеңді қашырма, ел тыныш болса жақсы сол», деген бір шумағымен қорытқан Сенат спикері «Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биіктен желбірей берсін ағайын! Астананың келбетін көріктендіре түсетін Абайдың еңселі ескерткішінің ашылуы құтты болсын!» деп ағынан жарылды.

Соңғы жаңалықтар